53 әртіс, 200 тонна декорация, 800 костюм: Cirque du Soleil Алматыны таңғалдырмақ

Бүгін 19.30-да басталатын шоуға өнерпаздар дайындықты таңғы 8-ден бастаған.

Бүгiн 2026, 17:08
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина Бүгiн 2026, 17:08
Бүгiн 2026, 17:08
246
Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Алматыға әлемге әйгілі Cirque du Soleil труппасы келді. Қойылымдар 11-14 маусым аралығында «Алматы Аренада» өтеді. BAQ.KZ тілшісі сахна сыртында болып, дайындықтың қалай жүретінін көріп қайтты. Бүгін 19.30-да басталатын шоуға өнерпаздар дайындықты таңғы 8-ден бастаған.

Ал сахна мен декорацияны құруға 100-ге жуық адам тартылған. 

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Дәл осы шоумен гастрольге шыққан құрамда 100 адам бар. Олардың 53-і сахнада өнер көрсетеді. Әртістер әлемнің 25 түрлі елінен келген.

Бүгін сіздер жәндіктер әлемі туралы қойылымды тамашалайсыздар. Мұнда әр әртіс түрлі жәндіктің бейнесін сомдайды. Байқасаңыздар, олар шынайы өмірдегі шегірткелер сияқты секіріп, қозғалады. Қойылым авторлары шегірткелердің табиғи тіршілік ортасын барынша дәл көрсетуге тырысты. Мұның бәрі көрермен оқиға желісіне толықтай еніп, өзін сол экожүйенің бір бөлшегіндей сезінуі үшін жасалған, - дейді ұйымдастырушылар. 

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Шоуға қажет декорациялардың жалпы салмағы 200 тонна. Оның бәрін екі ұшақпен тасыған. Ал сахнаны құруға 8-12 сағат аралығындағы уақыт кететін көрінеді. 

Мұндай жұмыстардың барлығы, әрине, көп жылдық тәжірибе арқылы қалыптасады. Бізде тәуекелдерді басқару жөніндегі мамандар бар, олар алаң иелерімен үнемі байланыста болып, барлық жайттарды алдын ала келіседі. Мысалы, жабдықтарды қашан түсіруге болады, қашан ішке кіргізуге болады және басқа да ұйымдастыру мәселелері егжей-тегжейлі талқыланады. Әрине, бұл процестердің бәрі пысықталған, бірақ олардың орындалуы әрбір локацияның ерекшелігіне байланысты өзгереді, дейді ұйымдастырушылар. 

Труппа өздерімен кір жуатын машиналарын да тасып жүреді. 

Кеше біз 16 рет кір жудық. Гастроль кезінде өзімізбен бірге бес кір жуғыш машина мен үш кептіргіш аппарат алып жүреміз.

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Театрдың әлемдегі ең үлкен костюм шеберханаларының бірі Канаданың Монреаль қаласында орналасқан. Барлық костюм дәл сол жерде дайындалады.

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Елестетіп көріңізші, біздің шоуларға арналған костюмдерді жасау үшін 200 адамнан тұратын үлкен команда жұмыс істейді. Олар әлемнің түкпір-түкпірінде көрсетілетін қойылымдарға арнап киім әзірлейді, - дейді ұйымдастырушылар. 

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Бұл қойылым жәндіктер әлеміне арналғандықтан, барлық костюм өте жарқын әрі көз тартарлық етіп жасалған. Бүгін әртістер шегірткенің рөлін сомдайды. Қойылым барысында олар дәл осы бейнеде көрермен алдына шығады.

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Сахнаға 53 әртіс шыққанымен, қойылымда қолданылатын киім-кешек пен аксессуарлардың жалпы саны 800-ге жуықтайды. Оған аяқ киімнен бастап бас киімдерге дейінгі барлық элементтер кіреді.

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Ерекшелігі сол, театр осының бәрін өздері жасайды: идеяны ойлап табудан бастап, дизайн әзірлеу мен дайын өнім шығаруға дейінгі барлық жұмыс ішкі команда тарапынан атқарылады.

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Әр әртіс гримі мен бет әрлеуін өзі жасайды. Себебі қойылымға қатысатын 53 әртістің барлығына жеке визажист тарту іс жүзінде мүмкін емес, мұндай жағдайда мамандар тәулік бойы жұмыс істеуге мәжбүр болар еді.

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Сол себепті әртістер макияжды өздері жасайды. Бұл процеске орта есеппен 30 минуттан бір жарым сағатқа дейін уақыт кетеді.

Фото: BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Айта кетейік, алматылықтар Cirque du Soleil-дің OVO шоуын 11-14 маусым аралығында тамашалай алады. 

BAQ.KZ – Cirque du Soleil-дің Қазақстандағы гастрольдік сапарының ресми ақпараттық серіктесі.

Ал бұған дейін Cirque du Soleil-дің OVO шоуы Астанада қалай өткенін біздің фоторепортаждан тамашалай аласыздар.

Наверх