Дауыс беруге мас күйінде келгендер де бар - ІІМ

9 Маусым 2019, 15:40
2633
Бөлісу:
Дауыс беруге мас күйінде келгендер де бар - ІІМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ  тілшісі. ОСК брифинг барысында ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев президенттік сайлау барысындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету туралы айтып берді.

"ҚР Сайлау туралы заңға сәйкес құқық қорғау органдары сайлау кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етеді. Осыған байланысты маусым айының 7-11 аралығында  ішкі істер органдарының жедел құрамы қызметінің күшейтілген кестесіне көшті. Әкімшілік және  мемлекеттік органдармен бірлесіп, құқықтық тәртіпті  қамтамасыз ету үшін  арнайы штаб құрылды. Қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті 10 мың полиция қызметкері және Ұлттық ұлан әскері қамтамасыз етіп отыр. Барлық сайлау учаскесіндегі қоғамдық тәртіпті қадағалап отырмыз. Ол үшін екі ауысымдық режимде 19 мыңнан астам полиция қызметкері әлі күнге дейін жұмыс істеп жатыр. Кеше  барлық сайлау учаскесін тексеріп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз еттік. Өрт болмау үшін тиісті шаралар қабылдадық", - деді вице-министр.

Ол полиция өкілдері сайлау учаскесіне сайлау комиссиясы өтініш жасаса ғана бара алатынын атап өтті.

"Сайлау учаскелеріндегі оқиғаларға уақтылы ден қою үшін әрбір қалалық, аудандық органдарда жедел топтар құрылды. Олардың құрамына прокуратура қызметкерлері де кіреді. Сайлау туралы заңға сәйкес  ІІО қызметкерлері дауыс беру орындарына тек сайлау комиссиясы щақырса ғана кіреді.  Тәртіпті қалпына келтіргеннен кейін ол жерден дереу шығып кетеді", - деді ІІМ өкілі.

Айтуынша, қоғамдық тәртіпті бұзған фактілер тіркелмеген. Дегенмен аралдық тұрғын сайлау учаскесіне мас күйінде келген. Енді ол әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін.

"Осы сағатқа дейін сайлау учаскелерінде жағдай тұрақты. Қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері тіркелген жоқ. Сайлау комиссияларына арыз келіп түскен жоқ. Бір-екі оқиға бойынша жағдай тексеріліп жатыр. Мысалы, Қызылорда облысы Арал қаласы #42 учаскеде Исхаков есімді азамат сайлау учаскесіне таңғы 9-да мас күйінде келіп, жәшікті аяғымен теуіп сындырып, ол кісі медициналық мекемеге жеткізіліп, әкімшілік жауапқа тарту мәселесі қарастырылып жатыр", - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы