Дәурен Абаев еліміз үшін туризмнің пайдасы қандай екенін айтып берді

22 Ақпан 2022, 14:17
4497
Бөлісу:
Дәурен Абаев еліміз үшін туризмнің пайдасы қандай екенін айтып берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәдениет және спорт министрлігінің туризм саласы бойынша алқа отырысынан кейін ведомство басшысы Дәурен Абаев туризмді дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Туризм – өте маңызды сала. Бұл салаға Мемлекет басшысы баса назар аударып отыр. Өйткені еліміздің экономикасында туризмнің үлесін 2-ден 8 пайызға дейін көтеру керекпіз. Еліміз үшін туризмнің қандай пайдасы бар? Ең алдымен туризм елімізді танытады. Екінші жағынан, туризм  жұмыс орындарын береді, - деп атап өтті Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Сөзінше, туризмнің арқасында көптеген шеткі ауылда жұмыс орындары пайда болады.

Елімізде экотуризм, агротуризм бар. Осы салалардың дамуына көп үлес қосады деп сенеміз. Бүгінгі айтылған ұсыныстарды қабылдадық. Енді оларды реттеп, енгізіп, қажет болса заңға, ережелерге тиісті өзгерістер енгізіп, туризм саласын одан әрі дамытуға жаңа серпін береміз, - дейді министр.

Дәурен Абаев туризм саласын дамытуға қатысты жол картасы барын айтты.

Туризм саласын дамыту бағдарламасы да, жол картасы да бар. 2021 жылы көп жұмыс атқарылды, атап айтқанда, заңға өзгерістер енгізілді. Мысалы, азамат өз кәсібін ашса, оның 20-25 пайыз инвестициясын қайтарып беру мәселесін қарастырдық. Одан бөлек, балалармен турист ретінде Түркістанға барса, онда баланың ұшу билеті бағасын қайтарып береміз. Осындай іс-шаралар көп. Мұның барлығы ішкі туризмді дамытатынына сенеміз, - деп түсіндірді Мәдениет және спорт министрі.

Оның айтуынша, елімізге 75 елдің азаматтары визасыз келе алады.

Өзгелердің жаңалығы