Астана, BAQ.KZ. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Дария Қожамжарова Елбасының Президенттік өкілеттігін тоқтату туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.
Қай елде болса да, замана жүгін түсіне біліп, оны көтере алатын, тәуекелі мол азаматқа, дара тұлғаға сұраныс ерекше болатыны тарихтан белгілі. Оларға тән терең ой, кемел ақыл, биік рух, қайрат пен қабілет түрлі тарихи сынақтан шығудың қисынын тауып, елін өрге сүйреуге жол ашқан. Ұлыбританияда – Оливер Кромвель, Үндістанда – Джавахарлал Неру, Түркияда – Мұстафа Кемал Ататүрік, Сингапурда – Ли Куан Ю, Малайзияда Махатхир Мохамад елдерінің жаңа жолының көшін бастаған дара тұлғалар болды.
Сондай заңғар тұлғалардың бірі, әрі бірегейі, жеке дара бітім болмысымен, бөлек табиғатымен әлемді мойындатқан саясаткер, көшбасшы – еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Қазақстан Республикасы дамуының өзіндік моделі туралы Елбасы былай деген еді: «Біз бір рет таңдап, содан бері одан таймаған өзіміздің қазақстандық даму жолымен келеміз. Әлемдік тәжірибені сараптай және зерттей отырып, біз эволюция жолын таңдадық. Біз демократияның жедел, әсіресе сырттан енгізілуіне қарсымыз. Біз ешкімге де еліктеуге тырыспаймыз, біздің мемлекетімізге, біздің халқымызға керегін жасап жатырмыз. Және бұл қолымыздан келіп жатыр». Нұрсұлтан Назарбаев таңдап алған бұл байыпты бағыт Қазақстан үшін стратегиялық бағдарға айналды.
Елбасымыз жеріміздің тұтастығын сақтай отырып, елдің іргесін сөкпей, татулық пен бірлікті, достық пен сыйластықты ту етіп көтеріп, тәуелсіздігі баянды, жасампаз Қазақстан мемлекетін құра білді. Сондықтан соқтықпалы, соқпақсыз кезде тыңнан түрен салып, өзіне сенім артқан жұртын өркениетке жетелеген, әлеуетті мемлекеттердің қатарына қосқан Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлының орны ерекше.
Ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы тану мүмкіндігі тәуелсіздік жемістерінің бірі екені сөзсіз. Рас, тарихи дамуға халық болмысы негіз болады, жеке тұлғаның өзі халықтың арасынан шығады.
Қазақстанға тәуелсіздік алып беру және оны әрі қарай дамыту Елбасымызға оңайға соқпады. Өйткені, ел тәуелсіздігінің баянды болуы мен болашақтың кемелділігін қамтамасыз ету жолындағы артылар жүкті абыроймен көтеру, халық сенімін ақтау, тәуелсіздікті тұғырлы ету, Қазақстанды әлемдік қауымдастықтағы терезесі тең елдер қатарына қосу батыл шешімдер қабылдауды қажет етті.
Ең бастысы, біз бабалар аманат еткен киелі жерімізде құрған мемлекетімізде ынтымағымызды сақтай білдік. Соның арқасында берекелі бірлігіміз төрткүл дүниеге мәлім болды. Есілдің бойына ел қондырып, еңселі Ордамызды орнаттық. Арқа төсіне әсем Астана салып, әлемге Қазақстан деген абыройлы мемлекет ретінде танылдық. Қазіргі жасампаз Қазақстан іргесі берік, ынтымағы мығым, төрт құбыласын тегіс мойындатқан Тәуелсіз мемлекетке айналды.
Егемен Қазақстанның мемлекеттік тетіктері өркениетті елдердің озық тәжірибелерін пайдалана отырып, өтпелі кезеңнің ерекшеліктері мен саяси, ұлттық жағдайларға байланысты қалыптасып құрылды. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшылығына келген алғашқы сәттен бастап халықаралық және ұлтаралық мәселелер шиеленісінің шешуін асығыстыққа салмай, уақыттың талабына, қазақстандық жолдың ерекшелігіне үйлестіре, жан-жақты мүдделердің түйісу нүктесін таба білудегі даралығымен бірден әлем назарын аударды. 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басы бұрынғы Одақ құрамындағы елдердің азаттыққа ұмтылған уақыты еді. Ол заман қазіргі посткеңестік кеңістіктегі басқа да елдер сияқты, Қазақстан үшін де үлкен бетбұрыстардың бастауы болды. Жұртшылықтың санасына қайта құру және қоғамдық жаңғыру тәрізді идеялар сіңе бастаған сәтте халық мұндай жұмысты істей алатын көшбасшысын дәл таныды.
1991 жылы 17 желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңында өткен жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып, бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де жетеді. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та, аптықпайық. Қазақстанның көпұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін», деп айтқан сөзінің бүгінгі күні шындыққа айналғанын көріп отырмыз.
Назарбаевтың 1991 жылғы тамыздың 29-ындағы «Семей ядролық полигонын жабу туралы» Жарлығы бүгінде дүние жүзіне мәлім тарихи фактіге және біздің ұлттық мақтанышымыздың мәніне айналды. Елбасы осылайша ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан-ақ, аймақтағы және әлемдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге аса ықыласты екенін айқын әрі нақты ісімен білдірді. Осындай қадамдары үшін Елбасын және Қазақстанды бүгінде барша әлем құрметтейді.
Нұрсұлтан Назарбаев саясатқа алып келген бірқатар принципті жаңалықтардың бірі – Президенттің Қазақстан халқына Жолдаулары. Жалпы, Жолдаулар басқа елдерде де қолданылады, бірақ олар әдетте міндеттердің белгілі бір шеңберінен аспайды да, жоғары заңды органға ғана бағытталады. Ал, Қазақстанда Мемлекет басшысының Жолдаулары бүкіл халыққа арналып, онда бүкіл елдің алдында міндеттер қойылады және елдің жан-жақты дамуының келер жылға, одан да ұзақ мерзімге арналған негізгі басымдықтары мен жоспарлары айқындалады. Әрбір азаматтың өмірінің сапасын жақсарту, әлеуметтік қамсыздандыру, жастарға қолдау көрсету – бұл жайттардың барлығы Президенттің халыққа әр Жолдауында көрініс табады. Мемлекеттің дамуы қай бағытта өрбитінін айқын ұғына отырып, қазақстандықтар болашаққа сеніммен қарайды және өз өмірін сәтті жоспарлай алады.
Елбасы әлеуметтік тұрғыдан бағдарланған нарықтық экономиканың тұжырымдамасын жасады. Оның жүзеге асырған экономикалық үлгісі әлемдік дағдарыс кезеңінде ең тиімді болды. Мемлекет басшысы жаһандық ауқымдағы саясаткер ретінде дағдарыстың қайнарларын зерттеп қана қойған жоқ, сонымен қатар, барлық деңгейде оны ығыстырудың жүйелік шараларын ұсынды. Қазақстанның дамуына әлемдік дағдарыстың ықпалын ырықсыздандырып, қалыпты өсу траекториясына дереу оралуға алғышарттар тудырды. Тағы бір өзекті мәселе – Президент Н.Ә.Назарбаевтың зияткер ұлтты қалыптастыру бағыты. Жаңа көзқарастағы қазақстандықтарды тәрбиелеу адамзаттық капиталдың жаңа деңгейі – жаңа экономиканы қалыптастырудың басты тетігі болып табылады. Қазіргі таңда Қазақстан Елбасының салиқалы жүргізген саясатының арқасында әлемнің ең қарқынды дамыған 30 елінің қатарына нық қадам басты. Жаһандық мәселелерді талқыға түсіріп, жас мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, абыройын асқақтатқан ЕҚЫҰ саммиті, Астана экономикалық форумы, Инвестициялық форум, Дүниежүзілік ислам экономикалық форум, т.б. ірі басқосулардың Қазақ жерінде өтуі – Тұңғыш Президентіміз, әлемдік сара саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық үлкен беделінің көрінісі екендігі даусыз. Осындай көшелі істердің жалғасы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу болып отыр. Адамзат ақылойының тамаша табыстарының бірі – Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін ұйымдастырудың 160 жылдан астам тарихында Орталық Азия аймағы, тіпті ТМД мемлекеттерінің ешқайсысында да Халықаралық көрме жалауы желбіреп көрген жоқ.
Қазақ халқында бағзы замандардан бері «Жерұйық» ұғымы қалыптасқан. «Желмаясына мініп, Жерұйығын іздеген» Асан Қайғының идеясы халқымыздың ғасырлар бойғы аңсаған арманына ұласты. Бабаларымыз төрт құбыласы тең, қазығы берік, мамыражай тіршілігі бар мемлекет құруды, іші мен сырты бүтін мәңгілік ел болуды мұрат етті. Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлтымыздың болашағына қатысты ұлы бағдар ретінде еліміздің рухын көтеретін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын Елбасы Н.Ә.Назарбаев жария етті.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде «Мәңгілік Ел» идеясы – бағзы болмысымыздың, асыл тұрпатымыздың заманауи қайта жаңғыруының, озық, қуатты ел болып гүлденуіміздің кепілі. Этностар ынтымағы мен достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Қазақстан халқының татулығы – біздің ең басты байлығымыздың бірі.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салған сара жол әрбір қазақстандықтарды жаңа белестер мен жетістіктерге жетелейтіні сөзсіз.
Дария Қожамжарова,
М. Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры, академик