Дәріханаларда тегін дәрілер сатылған: ДСМ жүздеген заңбұзушылықты анықтады

Тегін дәрілерді сату деректері бір жылда 10 есе өсіп, қабылданған шаралардан кейін 20 есе азайған.

 gov.kz 3 Қараша 2026, 11:35
3 Қараша 2026, 11:35
164
Фото: gov.kz

Елімізде фармацевтика нарығына қатысатын 788 субъектіден заңбұзушылық анықталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, Олардың қатарында тегін дәрі-дәрмектерді сату және препараттардың бағасын негізсіз көтеру деректері бар.

Айта кетерлігі, 2024 жылы енгізілген таңбалау жүйесі дәрілік заттардың қозғалысын бақылауға, қорларды басқаруға және бағаны нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік береді.

Мәселен, 2026 жылы цифрлық мониторинг барысында 788 субъектіден дәрілік заттарды айналымнан қайталап шығару, тегін препараттарды бөлшек сауда желісінде сату, сондай-ақ оларды белгіленген шекті бағадан жоғары бағамен өткізуге қатысты заңбұзушылықтар анықталды. Анықталған заңбұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда 10 есе өсті. Тіркелген фактілер бойынша заңнамаға сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде дәріханаларда тегін дәрі-дәрмек сату жағдайлары 20 есе азайды, – деді еліміздің бас дәрігері.

Оның айтуынша, таңбалау жүйесіне медициналық ұйымдардағы дәрілік заттардың көлемі мен бағасын цифрлық бақылау тетігі де енгізілген.

Мәселен, жіті респираторлық инфекциялармен сырқаттану маусымдық кезеңде өсуі мүмкін екенін ескере отырып жүргізілген дайындық барысында вирусқа қарсы препараттардың 123 млн қаптамасы бар екені анықталды. Бұл қажетті дәрілік заттар қорының жеткілікті екенін көрсетеді. Бағаларды цифрлық мониторингтеу нәтижесінде айналымдағы дәрі-дәрмектердің 50 пайыздан астамының бағасы тұрақты екені, ал 799 атаудағы препараттың бағасы төмендегені белгілі болды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, дәрілік заттар ассортиментін кеңейту мақсатында барлық рецептсіз берілетін препараттарға, сондай-ақ бағасы бір айлық есептік көрсеткіштен төмен рецептімен берілетін дәрілерге мемлекеттік баға реттеуі алынып тасталды, – деді ведомство басшысы.

Министр бұл шараның алғашқы нәтижесі баға реттеуінен шығарылған дәрілік заттардың 90 пайызы бойынша бағаның төмендегенін көрсеткенін атап өтті.

Таңбалау жүйесінің қолданылу аясы кеңейіп келеді. 2026 жылғы қыркүйектен бастап биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау енгізілді, ал 2027 жылғы 1 наурыздан бастап медициналық бұйымдарды таңбалау жоспарланған. Азаматтар eGov Mobile және «Нақты өнім» қосымшалары арқылы дәрілік заттың жүйеде тіркелгені, өндірушісі, дәріханада бар-жоғы және бөлшек саудадағы шекті бағасы туралы ақпарат ала алады. Сонымен қатар қандай да бір заңбұзушылық анықталған жағдайда азаматтар аталған қосымшалар арқылы Денсаулық сақтау министрлігіне тікелей өтініш жолдай алады, – деді Ақмарал Әлназарова.

Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда 500-ге жуық дәрі-дәрмек түрін өндіру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Наверх