Дәрігерлердің жалақысы көтеріледі: Министр кімнің қанша алатынын айтты

Үстемеақы еңбек өтіліне қарай төленіп, 77 мың медицина қызметкерін қамтиды.

 ©BAQ.KZ архиві 3 Қараша 2026, 13:55
3 Қараша 2026, 13:55
161
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстанда ең алдымен алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін мамандардың, бейінді дәрігерлердің, әлеуметтік қызметкерлер мен патронаж мейіргерлерінің жалақысына қосымша үстемеақы қосылады. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында жалақының қалай көтерілетінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, алайда төлем мөлшері маманның үздіксіз еңбек өтіліне байланысты болады. 

Министр алғашқы медициналық-санитариялық көмек мамандарына үстемеақы көлемін арттыру кадр тұрақсыздығына байланысты екенін түсіндірді. Оның айтуынша, емханалардағы мамандардың бір жыл ішіндегі ауысым көрсеткіші 50 пайызға дейін жетеді. Қосымша қаржы бөлуге дәрігерлердің жұмыс жүктемесінің жоғары болуы, соның ішінде психоэмоциялық салмақ та себеп болған.

Үздіксіз еңбек өтілі үшін берілетін үстемеақыны арттыру жөнінде тапсырма берілді. Бұл арқылы біз бірден бірнеше мәселені шешеміз: кадр тапшылығын азайтып, медициналық көмектің сапасын қамтамасыз етеміз, – деді ведомство басшысы.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы жаңа үстемеақылар үздіксіз еңбек өтіліне қарай әлеуметтік қызметкерлер мен патронаж мейіргерлеріне де төленетінін айтты. Бұған дейін бұл мамандарға мұндай қосымша төлем мүлде қарастырылмаған.

Бейінді маманның үстемеақысы да оның еңбек өтілі мен жұмыс істейтін жеріне – қалада немесе ауылда болуына байланысты болады. Өйткені ауылдық жерлерде де белгілі бір үстемеақылар бар, – деп түсіндірді министр. 

Айта кетейік, 1 қаңтардан бастап Қазақстанда алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін учаскелік қызметтің 77 мың қызметкеріне қосымша төлем енгізу жоспарланып отыр. Үстемеақы көлемі еңбек өтіліне байланысты белгіленіп, лауазымдық жалақының 50 пайызына дейін жетуі мүмкін.

Ұсынылған үстемеақы мөлшері мынадай:

  • 2 жылдан астам үздіксіз еңбек өтілі болса – лауазымдық жалақының 20 пайызы;
  • 3 жылдан астам еңбек өтілі болса – 30 пайызы;
  • 5 жылдан астам еңбек өтілі болса – 50 пайызы.

Жаңа төлемдер енгізілгеннен кейін ауылдық жерлердегі еңбек өтілі ең жоғары жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы үстемеақыны қоса есептегенде 760 мың теңгеге дейін, ал қалада 607 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Еңбек өтілі аз мамандардың да жалақысын арттыру көзделген. Ауылдық жерлерде жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 386 мың теңгеден 450 мың теңгеге дейін, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 221 мың теңгеден 256 мың теңгеге дейін өседі.

Қалада еңбек өтілі осындай жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 307 мың теңгеден 358 мың теңгеге дейін, ал орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 173 мың теңгеден 202 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін биыл дәрігерлердің жалақысын өсіруге 33 миллиард теңге бөлінгені хабарланды. 

 

Наверх