Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Ақтаудағы дәрігер мен баланың әкесі арасындағы жанжалға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистер Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровадан: "Медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жазаны қатаңдату науқастарды дәрігерлердің ықтимал заңсыз әрекеттері туралы айтуға қорқытпай ма?" деп сұрады.
Министр сауалға қарсы сұрақпен жауап берді.
Адам жұмыс орнында жүріп, өзінің кәсіби міндетін атқарып жатыр. Дәл сол сәтте оған күш көрсетіп, шабуыл жасап, жұлқылау дұрыс деп ойлайсыз ба? – деді министр.
Журналистер Ақтаудағы жуырдағы оқиғаны еске салып, баланың әкесі дәрігерді жанжалға себеп болды деп айыптап отырғанын айтты. Бұған жауап ретінде Ақмарал Әлназарова екі тараптың да әрекетіне тергеу қорытындысы бойынша баға берілетінін жеткізді.
Ешкімді жақтамаймын. Тергеу қорытындысын күтейік, - деді министр.
Айта кетейік, жуырда Ақтауда баласын дәрігерге әкелген әке хирургке қол көтерген. Осы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Еске салсақ, Ақмарал Әлназарова Екібастұздағы дәрігерлерге жасалған шабуылға қатысты мәлімдеме жасаған еді. Медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандар заң алдында жауап береді.
Тағы оқи отырыңыз: Дәрігерге шабуыл жасаған адамға қатысты бөлек бап, қатаң жаза болуы керек – Аймағамбетов