Жүректі емдеу – жауапкершілігі зор міндет. Жүрек бәрін сезеді. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ аритмологтар қоғамының президенті, Еуропалық жүрек ырғағы қауымдастығындағы Қазақстан өкілі, Президенттің Іс Басқармасына қарасты Медициналық орталығының бас аритмологы Аян Әбдірахманов BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында осылай деді.
- Аян Сүлейменұлы, аритмолог мамандығына қалай келдіңіз?
- Мен кардиолог кәсібінен бастадым. Семей медицина академиясының клиникалық ординатурасын бітіргенмін. 2001 жылы интервенциялық аритмологиямен айналыса бастадым. Бұл медицина саласындағы техника мен жаңалықтарды қажет ететін өте жоғары технологиялық мамандық. Осы саланың жаңашылдықтары мен үрдісін бақылап отыру маңызды.
Семей Мемлекеттік медицина академиясын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірдім. Кардиология, аритмология (клиникалық электрофизиология, электрокардиостимуляция), эхокардиография, ЭКГ және АҚ тәуліктік мониторингі, кезек күттірмейтін терапия, анестезиология және реаниматология салаларында мамандандырылған білім алдым.
Австрия, Венгрия, Германия, Италия, Чехия елдерінде жүрек ырғағының бұзылуын емдеудің интервенциялық әдістері бойынша тағылымдамадан өттім. «Аритмология» деп аталатын көпшілікке бәлкім беймәлім саланың айрықша тұстары көп.
- Мәселен, қандай ерекшелігін атар едіңіз?
- Жалпы, заманауи аритмология немесе электрофизиология қазір жеке клиникалық салаға айналды. Ресми түрде 1992 жылы АҚШ-та пайда болған бұл бағыт заманауи медициналық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты бастапқыда жүректің кенеттен тоқтау қаупін анықтауды және оның алдын алу шараларын әзірлеуді мақсат етті.
Көптеген заманауи ғылыми-практикалық бағыт сияқты, бұл сала кардиология, кардиохирургия, рентгенология, анестезиология-реаниматология, математика және инженерияның сабақтасығынан пайда болған синтетикалық мамандық. Қазіргі медицина үшін бұл клиникалық бағыттың маңызы зор. ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасында барлық бағыттағы дәрігерлер жұмыс істейді, оның ішінде менің әріптестерім – аритмология саласының дәрігерлері де бар.
- Осы уақытқа дейін қанша операция жасадыңыз?
- Мен жасаған операцияларымды санамаймын. Ең алдымен, мені пациенттің денсаулығы алаңдатады. Операцияға кірген кезде уақытты емес, қалай көмектесе алатынымды ойлап, бар күшімді соған саламын. Қазір Президенттің Іс Басқармасына қарасты Медициналық орталығының ауруханасында жүрек ырғағының бұзылуына операцияның барлық түрін жасап жүрмін. Айта кетерлігі, ТМД-да алғаш рет микро электродсыз электрокардиостимулятор имплантациясын және HD Grid катетерімен жоғары тығыздықты картаға түсіру операцияларын жасадым. Жүкті әйелдер мен балаларға да флюороскопиясыз операцияларды алғашқылардың бірі болып жасаған едім. Былай қарап отырсам, жылына 350-ден астам операция жасаппын.
- Көпшілікті қызықтыратын сұрақтардың бірі ол – кардиохирургия мен аритмологияның айырмашылығы неде?
- Аритмологтардың айырмашылығы – алдын ала ойланатындығында деп ойлаймын. Мысалы, кардиохирургтар ашық жүректе жұмыс істесе, аритмологтар қантамырлар арқылы. Жүректі көріп, қолмен ұстап сезу мүмкіндігі болмағандықтан, әрдайым ойша өз іс-әрекетіңізді жоспарлау керек. Сондықтан сіз қандай да бір жағдайда қалай әрекет ету керек екенін іштей сезіне білу керек.
- Сіздің ойыңызша «жүрек» дегеніміз не?
- Бұл жерде әзілмен жауап бергенді жөн санаймын. Ми, біз білетіндей, ағзаның жұмысына жауап береді. Бұл адам анатомиясындағы негізгі орган. Импульс мидан келеді, бірақ біз жүрегімізбен сеземіз. Бұл орган «алтыншы сезім» деп аталатын нәрсеге, яғни ғашық болу немесе түйсікке жауап береді. Бас, әрине, барлығын ойлайды, десек те, бәрін сезетін – «жүрек».
- Жүрек ырғағы неден бұзылады?
- Жүрек ырғағының бұзылуына әртүрлі жайт себеп болуы мүмкін. Қазір статискаға көз жүгіртсек, әрбір үшінші науқас жүрек аритмиясымен ауырады. Аритмия дегеніміз – жүрек ритмінің, ырғағының бұзылуы. Жас ұлғайған сайын жүректің соғу ырғағы, ритмі өте қатты төмендейді. Ағзаны қамтамасыз ету үшін ырғақ жетпей қалып, жүрек ритмі 30-ға, 40-қа, тіпті одан да төмен түсіп кетуі ықтимал. Сондай кездерде жүрекке электрлі кардиостимулятор аппаратын қоямыз.
Одан бөлек, туа біткен ақаулар кездеседі. Жүректің ритмі қатты, тез соғуы мүмкін. 200, 250-ге дейін жетіп, адамдар есінен танып қалады. Мұндай жағдайда радиожиілікті абляция жасаймыз. Ол қан тамырлары арқылы жүректің ішін қарап, аритмияның ошағын табу арқылы жүзеге асырылады.
- Жүрек ауруларының алдын алуға бола ма?
- Негізі жүрек ауруларының екі себебі бар. Біріншісі – туа біткен жүрек ақаулары. Оның алдын алу өте қиын, себебі көп нәрсе жүктілік кезінде болашақ ананың өзін-өзі күтуіне байланысты. Темекі, нашадан бойын аулақ ұстап, суық тиюден сақтануы керек. Туа біткен жүрек ақаулары генетика арқылы да беріледі. Екіншісі – жүре келе пайда болған жүрек ақаулары. Оған адамның өмір сүру, қимыл-қозғалыс белсенділігі әсер етеді. Аз қимылдау да түрлі жүрек ауруларына алып келеді. Көп жаяу жүріп, көп қимылдау керек. Әйтпесе, тамырлар холестерин мен зиянды заттарға толып, жүре пайда болатын жүрек ауруына әкеліп соғады.
- Әңгімеңізге рахмет!