Дәрігер: Балалар арасында ми мен жұлын ісіктері өршіп тұр

30 Қараша 2022, 05:01
2049
Бөлісу:
Дәрігер: Балалар арасында ми мен жұлын ісіктері өршіп тұр

Бүгінгі таңда күн сайын іңгәлап дүние есігін ашатын сәбилердің арасында туабіткен даму кемістіктері бар балақайлар саны азаймай тұр. Қаншама сәби жарық әлемге келе сала нейрохирургиялық көмекке мұқтаж, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Туа сала сынаққа ұшыраған балаларда әсіресе туа біткен даму кемістіктері, сирек аурулар, соның ішінде ми қан тамырларының артериалды аневризмдері, гидроцефалия, сал ауруы (ДЦП), мидың түрлі ісіктері, онко-гематологиялық және кардио-ревматологиялық аурулар да жиі ұшырасады. Десе де, елімізде балалар нейрохирургиясы да бір жолға қойылып келед. Балалар өмірінің арашашысы, Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығындағы Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің нейрохирург дәрігері Сапарбек Сейтбековпен сұхбаттасқан едік. 

Сапарбек Базарбайұлы, неліктен балалар нейрохирургиясы саласын таңдадыңыз?

- Мен бұл салаға саналы түрде келдім деп айтсам болады. 2008 жылы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне мемлекеттік білім гранты бойынша «Жалпы медицина» факультетіне оқуға түстім. 2015 жылы «Медицина бакалавры» мамандығы бойынша бакалавриатты үздік аяқтадым. 2013-2015 жылдары «Хирургия» мамандығы бойынша интернатурада оқыдым. Кейін «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ резидентурасын 2015 жылдан 2019 жылға дейін «Нейрохирургия, оның ішінде балалар нейрохирургиясы» мамандығы бойынша оқып, тәмамдадым. Негізгі қызмет бағыттарым: жұлынның әртүрлі жарақаттары мен ісіктері бар, сонымен қатар омыртқа мен жұлынның туа біткен ақаулары бар, Киари мальформациясы, диастематомиелия, сирингомиелия сынды диагноз қойылған балаларды хирургиялық жолмен емдеу. 

Бұл мамандықты неге таңдадым деген сұраққа оралар болсам. Резидентурада оқып жүргенімде маған балалармен жұмыс жасау ұнады. Олардың ауырған, көздері мұңайған кездерін көргенде, қандай да бір менің көмегім, қол-ұшым олардың сауығуына тисе екен деп ойланатынмын. Қазір де емін алып, сауығып кеткен сәттерін көргенде, бір ғажап бақытқа теңестіремін. Мүмкін, осының бәрі балалар нейрохирургиясын таңдауға септігін тигізген болар. 

- Балалары нейрохирургиялық операцияны бастан кешірген ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Отаның қай түрі болсын оңай емес. Әсіресе нейрохирургиялық операция күрделірек. Балалары отаны бастан кешірген ата-аналарға айтарым, үйге шығару ұсыныс қағаздары бойынша жасалған нұсқамаларды бұлжытпай, уақтылы орындағандарыңыз дұрыс. Себебі балалардың денсаулығы үшін жауапкершіліктің бір ұшы тікелей ата-анасында. Үнемі нейрохирург, невролог мамандарының бақылауында болыңыздар. Қандай да бір өзгеріс байқаған жағдайда, кешіктірмей дәрігерлердің медициналық көмегіне жүгіну керек.

- Өзіңіз жұмыс істеп жүрген Ұлттық нейрохирургия орталығының балалар нейрохирургиясы қызметіне қандай сипаттама бересіз?

- Мен қызмет ететін орталықтағы сала күрделі, жауапкершілікті талап ететін қызмет. Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің күнделікті жұмысы таңдағы дәрігерлер мен медициналық қызметкерлердің жиналысынан басталады. Онда біз әр науқастың жағдайын, емін, операция жоспарын, диагностикасы мен медициналық анализдерді талқылаймыз. Қандай да бір науқастың түнде қызуы көтеріліп, ауырсыну жағдайы болса, оған алаңдап, күтіміне ерекше мән береміз. Реанимация бөлімшесіне барып, науқастарымызды көреміз, операцияларымызға дайындаламыз.

- Сіздің ойыңызша, дәрігерге тән ең басты қасиет не болып саналады?

- Меніңше, әр дәрігерге ең басты тән қасиет – ол жоғары жауапкершілік болуы керек деп ойлаймын. Өйткені, дәрігер тек ота жасап қана қоймай, науқастың отадан кейінгі, ол есін жиып реанимациядан шыққанға дейінгі жағдайын бақылайды. Дәрігердің қызметі мұнымен тоқтап қалмайды, одан кейін керекті емін әрі қарай тағайындап, жалғастырады. Ауруханадан сауығып үйіне шыққаннан кейін де үлкен жауапкершілікпен қарайды.

- Сіздің сүйікті мейрамыңыз қандай?

- Наурыз мейрамы – менің сүйікті мерекем. Табиғаттың жаңаратын кезі, көктем мезгілі, жылдың басы болып саналады. Бұл мейрамда сондай-ақ жақындарымызбен жиналып, жылы кездесулерде бас қосып тамашалайтын кез. 

- Дәрігерлерде бос уақыт бола ма? Жалпы, бос уақытыңызды қалай өткізесіз? Қандай сүйікті ісіңіз бар?

- Көп бос уақытым бола бермейді. Қолым қалт ете қалса, отбасыма уақыт бөліп, серуендегенді және көлікпен ұзақ, алыс жолдарға шыққанды ұнатамын. Соңғы кезде домбыраның даусын шертіп, тыңдауға ден қойып жүрмін. 

- Балалар нейрохирургиясының ересектер нейрохирургиясынан айырмашылығы бар ма?

- Бар деуге де болатын шығар. Алайда диагноз ересек адамда, балада да бір диагноз болуы мүмкін. Ал емнің айырмашылығы баланың жасына, оның салмағына, ағзаларының өсуіне сәйкес болады. Ересектерге қарағанда айырмашылығы осында деп санаймын.

- Сіздердің бөлімшелеріңізде балалар арасында қандай ауру ең көп кездеседі?

- Өкінішке қарай, балалар нейрохирургиясында үлкен орын алып тұрған ауру – балалар онкологиясы. Соның ішінде мидың және жұлынның ісіктері. Туабіткен ісіктер, өсе келе табылған ісіктер де көп орын алып жатады. 

Өзгелердің жаңалығы