Данияр Ақышев Президент кеңесшісі болып тағайындалды

28 Ақпан 2019, 17:46
3023
Бөлісу:
Данияр Ақышев Президент кеңесшісі болып тағайындалды

Астана, BAQ.KZ. Мемлекет басшысының Өкімімен ҚР Ұлттық Банкінің бұрынғы төрағасы жаңа қызметке тағайындалды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. 

"Данияр Талғатұлы Ақышев Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметіне", - делінген хабарламада.

Данияр Талғатұлы Ақышев 1976 жылғы 25 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген.

Білімі: 1996 жылы Қазақ Мемлекеттік Басқару академиясын экономист мамандығы бойынша үздік аяқтады (мамандануы – банк ісін ұйымдастыру).

Еңбек жолын Орталық Азия қор биржасында маман ретінде бастады.

1996 – 2003 жылдар аралығындағы кезеңде ҚР Ұлттық Банкінің Зерттеу және статистика департаментінде түрлі лауазымдар атқарды, 2003 – 2007 жылдар аралығында осы Департаментті басқарды.

2007 жылғы тамызда ҚР Президентінің Өкімімен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.

2014 жылғы тамыз – 2015 жылғы тамыз аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі лауазымын, 2015 жылғы тамыз – 2015 жылғы қараша аралығында сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті көмекшісінің міндеттерін уақытша атқарушы болды.

ҚР Президентінің 2015 жылғы 2 қарашадағы № 109 Жарлығымен Д.Т. Ақышев ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы болып тағайындалды.

2019 жылдың 25 ақпанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Ұлттық Банкінің төрағалығынан босатылды.


Өзгелердің жаңалығы