Цой биологиялық қауіп-қатерлерді ерте анықтауға мүмкіндік беретін заңды таныстырды

8 Желтоқсан 2021, 10:22
1052
Бөлісу:
Цой биологиялық қауіп-қатерлерді ерте анықтауға мүмкіндік беретін заңды таныстырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасын таныстырды.

Бұл заң жобасын Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекет басшысының 2020 жылғы 27 мамырда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында және 2020 жылғы 16 қарашада коронавирустық инфекция жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын орындау мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып әзірледі.

Министрдің сөзінше, заң жобасының басты тұжырымдамасы - биологиялық қауіп-қатерлерді ерте анықтау, оларды болдырмау және алдын алу.

Алексей Цой биологиялық қауіп-қатерлердің негізгі көздеріне жеке-жеке тоқталды:

- аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары (мұндай ошақтар ел аумағының жартысынан астамын алып жатыр, сондай-ақ іргелес аумақтарда да бар);

- халық пен жануарлардың белсенді қозғалысының, тауарлар айналымының нәтижесінде қауіпті инфекциялардың әкелінуі;

- патогенді биоагенттерге рұқсатсыз қол жеткізу, олардың реттелмейтін және еркін айналымы;

- төтенше жағдайлар және терроризм актілері нәтижесінде жоғары қауіпті көздерге әсер ету;

- биоқауіпсіздік саласында білікті кадрлардың жетіспеушілігі.

Осыған байланысты мұндай қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдың тиімді жүйесін қалыптастыру талап етіледі, ол үшін заң жобасында:

1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы;

2) биоагенттермен жұмыс істеуге қойылатын талаптарды біріздендіру;

3) микроорганизмдердің ұлттық және жұмыс коллекцияларының қызметін регламенттеу;

4) үйлесімді мемлекеттік басқару жүйесін құру;

5) патогенді биоагенттердің айналымы туралы деректерді есепке алу мен мониторингтеудің бірыңғай жүйесін құру;

6) биотәуекелдерді басқару жүйесін енгізу;

7) биологиялық қауіп-қатерлерді болжау жүйесін құру;

8) профильді қызметтер мен халықтың төтенше ықтимал жағдайларға дайындығын қамтамасыз ету;

9) мемлекеттік реттеудің превентивті функциясын күшейту шеңберінде реттеу ұсынылады.

Заң жобасы үкіметтік нұсқада жоғарыда аталған тәсілдерді іске асыруға бағытталған 8 тараудан және 32 баптан тұрады, сонымен қатар қолданысқа енгізу үшін алты айлық өтпелі кезеңді және патогенді биоагенттермен жұмыс істеуге рұқсаттарды ресімдеу және қайта ресімдеу үшін қосымша 6 айды көздейді. Республикалық бюджеттік комиссия заң жобасын іске асыруға шамамен 25 млрд теңге мөлшерінде 2022-2024 жылдарға арналған шығыстарды мақұлдады, бұл шығыстарға бейінді қызметкерлерді әлеуметтік қорғау, мемлекеттік зертханалық базаны қосымша жарақтандыру, биоқауіпсіздік саласында бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйені құру және жүргізу, микроорганизмдер коллекциясын ұстап тұру шығыстары кіреді, - деді Денсаулық сақтау саласы басшысы Мәжілісте.



Өзгелердің жаңалығы