#covidillustrationkz – өнер арқылы індетпен күрес

8 Сәуір 2020, 14:15
3149
Бөлісу:
#covidillustrationkz – өнер арқылы індетпен күрес
EX PHOTO VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі әлемді алаңдатып отырған ең басты оқиға – коронавирус індеті екені сөзсіз.

Адамзат тарихында мұнан да өткен ірі індеттер болғаны тарихтан белгілі, бірақ дәл осы коронавирустай кең таралғаны жоқ. Дүниежүзінің 200-ден астам еліне таралған қатерлі дерт біздің елді де айналып өтпеді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен және дәрігерлеріміздің Құдай берген қуатының арқасында өршіп кетудің алдын алып отырмыз.

Осы орайда елімізде дәрігерлерді қолдаудың, оларға көмек беріп, талабын орындаудың түрлі шарасы қолға алынып жатыр. Әркім өз мүмкіндігінше ақ қалаты абзал жандардың еңбегіне қолғабыс етуді парыз санай бастады.

WhatsApp Image 2020-04-08 at 09.45.13 (1).jpeg

ÁMEN Animation film festival-да өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып, дәрігерлерді қолдаудың жаңа тәсілін тапты. Ол үшін #covidillustrationkz челленджін бастады.

Біз осы челленджді бастап, еліміздің аниматорларының басын біріктіріп жүрген Ámen фестивалінің жетекшісі Мақпал Жұмабайды әңгімеге тартқан едік.

- Мақпал, челлендж бастап, аниматорлардың басын біріктіру ойы қалай келді?

- Әлем бұрын соңды болмаған оқиғаны басынан өткеріп жатыр. Бұл жағдайды қорыту үшін де едәуір уақыт керек. Бірақ, бүкіл адамзат пандемия жағдайында куә болған алғашқы дүние, ол – дәрігерлердің ерлігі дер едім. Осы себептен де #covidillustrationkz челленджін бастадық. Дәрігер еңбегінің, ерлігінің алдында өнер адамдары бас иіп, өз қолдауымызды білдіргіміз келді. Өнеріміз арқылы осы шақтың бейнесін иллюстрацияларда сипаттауды мақсат еттік.

888.jpg

Amen Animation film festival еліміздің жетекші аниматорларының басын қосқан қауымдастық болғандықтан, ойға алған ісімізді бірден бастап кеттік. Еліміздің алдыңғы лектегі аниматор-режиссерлері біздің үндеуімізге бірден үн қатты. Атап айтсам, Дильшат Рахматуллин дәрігерлер мен полицейлерді, әскерилерді 28 панфиловшылар ескерткіші кейпінде сипаттап челленджімізді бастап берді. Бұл бастаманы Тұрдыбек Майдан, Мейіржан Сандыбай, Қасиет Сақиолла, Тілек Төлеуғазы, Ерден Зікібай, Зоя Бориссенко сынды белгілі суретші-аниматорлар жалғап әкетті. Ал қазір иллюстрациялар толассыз келіп жатыр.  

- Челендждің дәргерлерге арналып бастап, бірақ ауқымы кеңейіп, өзге де сала мамандарына арналған иллюстрациялар шыға бастағанын байқап жүрміз...

WhatsApp Image 2020-04-08 at 09.45.15 (3).jpeg

- Иә, басында дәрігерлерден басталған иллюстрацияларымыз басқа да тақырыптарға ұласып жатыр. Мәселен, дезинфекциялаушылар да – негізгі тақырыпқа арқау болуда. Сонымен қатар, үйде отыруға үндеген, адамдардың көңіл күйін сипаттаған жұмыстар да жетерлік.

WhatsApp Image 2020-04-08 at 09.45.11.jpeg

Біздің мақсатымыз – ел шебінде жүрген азаматтарымызды қолдап, тілекші екенімізді білдіру. Сонымен қатар, осы кезеңнің көркем бейнесін жасау. Дәл қазір бүкіл әлемде осындай мәдени бастамалар жүріліп жатыр. Әр елдің суретшілері өз халқының вируспен күресін иллюстрациялар арқылы жеткізіп жатыр. Кино, әдеби шығарма біраз зерттеуді, қорытуды қажет ететін жанр, ал иллюстрациялар оқиғаға дер кезінде үн қатуымен, берілу тәсілімен ерекшеленеді. Жалпы кез келген тарихи оқиғаларды бағалайтын, тарих беттерінде қалдыратын, ол – өнер. Сондықтан да, өнер оқиғалармен қатар жүріп, дамуы керек деп ойлаймын. Індеттен құтылып, мамыражай күн кешер алдағы уақытта осы илююстрациялар негізінде көрме өткіземіз деп үміттенемін.

WhatsApp Image 2020-04-08 at 09.45.12 (1).jpeg

Дәл қазіргі кезде құндылықтарды қайта қарастыратын кезеңге келіп тұрмыз. Ал біздің челленджіміз осы құндылықтарды саралайды. Қандай күрделі жағдайға тап болсақ та, адамгершілік, жауапкершілік, адалдық – осы құндылықтардың негізі болып тұр. Біз де өз бастамамыз арқылы осы ойды айтудамыз. Әр иллюстрацияда қорқыныш немесе үміт бар. Бұл екі сезім, меніңше, қазір әр адамның көкейінде. Ал біз өнер арқылы үміт туралы айтамыз.

- Қазір елдегі жағдайды біліп отырсыз. Дегенмен, иллюстратор мамандардың қарқыны қалай? Алғашқыдай емес саябырсып қалған жоқ па?

WhatsApp Image 2020-04-08 at 09.45.15.jpeg

- Жоқ, керісінше көбейіп келеді десем болады. #covidillustrаtionkz жобамыз 31 наурыз күні жарияланды. Бір аптаның ішінде қорымызға 30-ға жуық жұмыс түсті. Алдағы күндері сериялық, циклді иллюстрациялар ұсынғымыз келіп отыр. Осы бағытта мамандармен ақылдасып жатырмыз. Жалпы бұл челленджімізге еліміздің барлық иллюстратор мамандары жұмылып жатыр.

- Байқаймыз, қазіргі кезде иллюстраторлардың көбі заманауи кейіпкерлердің бейнесінде. Бірен-саран тарихи көріністер бар. Бұл қоғамдағы өтімділікке қалай әсер етеді?

WhatsApp Image 2020-04-08 at 09.45.15 (1).jpeg

- Иә, заманауи кейіпкерлер бейнесінде беру шынайылыққа жақын. Батырлар келіп коронавируспен күресіп жатқан жоқ қой. Оның үстіне дәл қазіргі кезде отандық анимация даму үстінде. Тарихи кейіпкерлерден заманауи кейіпкерлерге ойысып, әлеммен үндесе жұмыс істеуге бағыт алдық. Әрине, тарихымыздағы кей тақырыптарға жалпылама емес, деталды түрде бойлауға мүмкіндік туды. Шынын айту керек, елімізде иллюстрация, комикс сынды жанрлар енді ғана түлеп келеді. Біздің қолға алған челленджіміз де осы сала мамандарының шеберлігін шыңдап, жанрдың дамуына серпін береді деп сенеміз. Сонымен қатар, иллюстраторларымыздың кәсіби әлеуетін байқауға да мүмкіндік тумақ. Алдағы уақытта анимация саласы дами беререді, себебі, біз бет алып бара жатқан цифрлық заманның бір құрамдас бөлшегі – осы анимация саласы.

- Осы шараны бастап, ұйымдастырудың басы-қасында жүрсіз. ÁMEN Animation film festival-і жайлы толығырақ тоқтала кетсеңіз.

WhatsApp Image 2020-04-08 at 09.45.14.jpeg

- Шараның ұйымдастырушысы - ұлттық анимация саласына өлшеусіз үлес қосқан режиссер-аниматор Әмен Қайдаровтың атымен аталған ÁMEN Animation film festival командасы. Бұл фестиваль биыл екінші рет өткелі отыр. Кинофестиваль мақсаты – қазақ анимациясының дамуына ықпал ету және жас дарындарға қолдау көрсету.

WhatsApp Image 2020-04-08 at 09.45.12 (2).jpeg

2019 жылы тұңғыш рет өткен кинофестиваліміздің тұсауын «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» фильмінің суретші-аниматорлары Эрнст Бейсеитов пен Галина Дусенко кесті. Әмен атамыздың жары өз құттықтауын жолдап, алғысын жеткізді. ÁMEN Animation film festival ашылу салтанатында қазақ анимациясына өлшеусіз үлес қосқан киногерлер Эрнст Бейсеитов, Галина Дусенко, Тамара Муханова, Жәкен Дәненов, Әміржан Қазиев, Құсманбек Омарұлы, Любовь Радионова, Ғали Мырзашев, Батырхан Дәуренбеков, Керімбек Ниязбаев, Нуриддин Паттеев, Еркін Джексембаев, Сламбек Тәуекел «Қазақ анимациясына қосқан зор үлесі үшін» алғыс хатымен марапатталды.

WhatsApp Image 2020-04-08 at 09.45.16.jpeg

Ámen Animation film festival қоржынына 80-нен астам өтінім келіп түсіп, байқауға 51 жұмыс іріктеліп алынған болатын. Кинофестиваль жуық арада биылғы жыл үшін конкурстық фильмдер қабылдай бастайды.

- Әңгімеңізге рахмет, шығармашылық табыс тілейміз!
Өзгелердің жаңалығы