COVID-19 емдеуге арналған 5 препарат тегін беріледі

29 Шілде 2020, 10:04
2446
Бөлісу:
COVID-19 емдеуге арналған 5 препарат тегін беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

Жаңа COVID-19 коронавирустық инфекциясы бірнеше айдың ішінде өмірімізді түбегейлі өзгертті. Біз оқшаулануға бейімделдік, гигиена ережелерін қатаң сақтауды үйрендік. Денсаулығымыздағы өзгерістерге көңіл бөліп, симптомдарға мұқият назар аударатын болдық және басқа адамдар алдында қашықтықты сақтай отырып, аурудың симптомсыз ағымында біреуге инфекция жұқтыруымыз мүмкін екенін түсіне келе, жауапкершілікті сезіндік, - деп жазды ол.

Вице-министр коронавирусты емдеу хаттамасына енгізілген 5 дәріге тоқталды.

Көптеген жағдайда ауру жеңіл немесе орташа ауырлықта өткенімен, аурудың барысын жеңілдету және асқынудың алдын алу үшін дәрілік қолдауды қажет ететінін ескере отырып, ҚР ДСМ Медициналық қызмет сапасы жөніндегі бірлескен комиссия КВИ диагностикасы мен емдеу хаттамасына ауруды амбулаториялық деңгейде емдейтін пациенттерге арналған 5 препаратты енгізуді мақұлдады. Бұл "Парацетамол", "Ибупрофен" қабынуға қарсы препараттары және "Ривароксабан", "Апиксабан", "Дабигатран" антикоагулянттары. Пациенттер бұл препараттарды амбулаториялық деңгейде тегін алуы үшін бірқатар нормативтік құжатқа өзгерістер енгізілді. Аталмыш дәрілер амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар тізбесіне (ҚР ДСМ №666 бұйрығы), Бірыңғай дистрибьютордан сатып алынатын дәрілік препараттар тізіміне енгізілген, - деді ол.

Людмила Бюрабекова коронавирустық инфекцияны емдеу үшін Байер (Ривароксабан) компаниясының "Ксарелто" антикоагулянттарын, Пфайзер (Апиксабан) компаниясы шығарған "Эликвис" және Берингер Ингельхайм (Дабигатран) компаниясы шығарған "Прадакса" препаратын сатып алу бойынша өндірушілермен келіссөздер жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Барлық өңір жаңадан енгізілген препараттарға өтініш берді. Қазір Бірыңғай дистрибьютор сатып алу процедураларын жүргізуде, ал 10 күннен кейін дәрі-дәрмектер КВИ-дан амбулаториялық деңгейде емделіп жатқан пациенттер үшін қолжетімді болады. Науқастар коронавирустық инфекция диагнозы қойылған жағдайда және емдеуші дәрігердің қатаң нұсқауы бойынша өзі тіркелген емханалардан осы препараттарды тегін ала алады. Аталған препараттармен қамтамасыз етуден бас тартқан жағдайда пациенттерге 1439 қысқа нөмірі бойынша Бірыңғай дистрибьютордың байланыс орталығына жүгіну қажет. Операторлар мәселенің себептерін анықтап, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге көмектеседі, - деп сөзін түйіндеді ол.

Өзгелердің жаңалығы