Cот орындаушылары Bek Air жолаушыларының ақшасын өндіруге көмектеседі

23 Желтоқсан 2020, 22:42
1742
Бөлісу:
Cот орындаушылары Bek Air жолаушыларының ақшасын өндіруге көмектеседі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылдың ақпан айынан бастап ҚР Сауда және интеграция министрлігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау Комитеті (бұдан әрі - Комитет) Bek Air әуекомпаниясына Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотына 4 талап арыз берді.

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Комитеттің үш талап арызында берілген әуекомпанияға қойылған талаптарын сот қанағаттандырды. Сот тәртібінде 1525 адамның құқығы қалпына келтірілді, Bek Air 93,9 млн теңгені қайтаруға тиіс. Қазір Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотында төртінші талап арыз бар, онда Комитет 153 адамның мүддесін білдіреді. Талап арыз сомасы 9,3 млн теңге. Алғашқы екі талап арыз бойынша сот шешімі заңды күшіне енді. Алматы қаласының Түрксіб аудандық соты атқару парақтарын сот орындаушыларына жіберді. Заңнама талаптарына сәйкес сот шешімдерін орындауға тек сот орындаушылары ғана құқылы екеніне назар аударамыз, - деп атап өтті ведомство баспасөз қызметі. 

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес атқарушылық іс жүргізу, мерзімдік жазалар туралы атқарушылық құжаттарды қоспағанда, сондай-ақ заңнамалық актілерде өзге де орындау мерзімдері белгіленген жағдайларды қоспағанда, ол қозғалған күннен бастап екі айдан аспайтын мерзімде аяқталуға тиіс.

Сондықтан тұтынушылар сот шешімдерін орындау бойынша қажетті және уақтылы шаралар қабылдайтын сот орындаушыларына жүгінуге құқылы.

Атқару парағы берілген сот орындаушысы туралы мәліметтерді алу үшін тұтынушылар Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотына, сондай-ақ Алматы қаласының жеке сот орындаушылар Палатасына жүгінулері қажет. Комитеттің талаптары толық қанағаттандырылған үшінші талап бойынша сот шешіміне Bek Air әуекомпаниясы апелляциялық шағым берді. Тиісінше, бұл іс Алматы қаласының апелляциялық сатыдағы сотында қаралатын болады. Комитеттің уәкілетті мемлекеттік орган ретінде азаматтардың бұзылған тұтынушылық құқықтарын қалпына келтіру бойынша толық жұмыс жүргізгенін түсіндіреміз, - деп түсіндірді министрлік. 

 

Бұдан басқа, Комитет құзыретті мемлекеттік органдарға - Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне, Ішкі істер министрлігіне, Әділет министрлігіне, Қаржы министрлігіне және Бас прокуратураға өз өкілеттіктері шеңберінде жауапкерден ақша қаражатын өндіріп алу процесіне жәрдем көрсетуді сұрап, хат жіберді.

Өзгелердің жаңалығы