Чехияда тарихи зерттеулер саласындағы ынтымақтастық талқыланды

21 Қаңтар 2024, 13:15
463
Бөлісу:
Чехияда тарихи зерттеулер саласындағы ынтымақтастық талқыланды
Фото: gov.kz

Қазақстан Елшісі Бақыт Дүйсенбаев Чех Республикасы Парламенті Депутаттары палатасының Вице-спикері Ян Бартошекпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Чехия арасындағы тарих, мұрағаттар және екі елдің аумағында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу бойынша бірлескен зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.

Осы тұрғыда Я. Бартошек өзінің өткен жылғы Қазақстанға сапарының егжей-тегжейлері туралы хабардар етті. Сапар барысында ол чех жауынгерлері мен саяси тұтқындарға арналған лагерлерде қалған азаматтарының жерленген жерлері орналасқан бірқатар өңірлерді аралады. Чех делегациясының құрамында Парламент, Қорғаныс министрлігі, Чех легионерлері қоғамының өкілдері, тарихшылар, өлкетанушылар, сондай-ақ Қазақстанда жерленген чехтердің ұрпақтары болды.

Б. Дүйсенбаев чех депутатын Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан қазақстандық сарбаздардың жерленген жерлерін белгілеу, сондай-ақ тарихтың бұрын белгісіз болған беттерімен байланысты фактілерді зерттеу бойынша Қазақстанның жүргізіп жатқан жұмыстарымен таныстырды.

Тараптар келешек ұрпақ үшін халық жадын сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, осы бағытта бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.

Өзгелердің жаңалығы