БЗЖҚ-дан ақша алу үй нарығына қалай әсер етіп жатыр?

15 Ақпан 2021, 22:22
1691
Бөлісу:
БЗЖҚ-дан ақша алу үй нарығына қалай әсер етіп жатыр?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Отбасы банкі» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова BaigeNews.kz порталының YouTube-каналында өткізген сұхбатта тұрғын үй нарығында баға өскенін айтты.

Зейнетақы қорында жиналған ақшаны үй алуға жұмсауға болады дегелі үй нарығында баға көтеріліп кетті. Сатушылар бұл жағдайды пайдаланып қалғысы келеді. Дегенмен мұндай дүрлікпе уақыт өте келе басылады, - дейді ол. 

Оның айтуынаша, тікелей және ипотека арқылы үй алушылар санының артуы ұсыныс жасайтындарға әсер етпей қоймайды. 

Мысалы, бұрын 2 бөлмелі үй алу бойынша айына екі адам келсе, енді бір аптада төрт адам хабарласып, БЗЖҚ арқылы алатынын айтқанда, әрине, адамдар өзгеріп шыға келеді. Сатушылар «егер сіз БЗЖҚ арқылы алатын болсаңыз, ол біраз уақытты қажет етеді, сондықтан тағы 1-2 миллион қосасыз» деп бағаны өсіре түседі. Ондайға ұрынбас үшін нарықты асықпай зерттеп, мұндай дүрбелеңді пайдаланып қалғысы келмейтін нағыз сатушыны табу керек, - дейді Ләззат Ибрагимова. 

Сондай-ақ, ол екінші деңгейлі үйдің бағасын қымбаттатуға негіз жоқ екенін, керісінше жыл сайын жаңа үйлер көптеп салынып жатқанын жеткізді. 

1990 жылдары жылына 500 мың мен 1 млн шаршы метр арасында тұрғын үй салынатын. 2000-2010 жылдар аралығында үй салу құрылысы кең өріс алды, оның өзінде жылына 6-7 млн шаршы метр үй салынатын. Соңғы үш жылдан бері жылына 13 млн шаршы метр үй салынып жатыр, өткен жылы 15 млн шаршы метр үй пайдалануға берілді, - деді «Отбасы банкі» басқарма төрайымы.

Өзгелердің жаңалығы