БЖЗҚ-дағы ақша. Емдеу шараларына пайдалануға бола ма?

28 Желтоқсан 2020, 18:55
2085
Бөлісу:
БЖЗҚ-дағы ақша. Емдеу шараларына пайдалануға бола ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Зейнатақы қорындағы жинақтың бір бөлігі қандай ем шараларына жұмсалатынын Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті бастығының міндетін атқарушы Гүлнар Сәрсенбаева айтып берді.

Спикердің айтуынша, азамат алдымен зейнатақы қорындағы қаражатының шешуге жеткілікті екенін анықтауы қажет. 

Содан кейін өзі тіркелген медициналық мекемеге жүгініп, дәрігерлік комиссияның шешімін алуы тиіс. Дәрігерлік комиссия медициналық анықтаманы тізімге енгізілген ауру түрлеріне қатысты ғана бере алады. Олардың қатарына орфандық, яғни сирек кездесетін ауру түрлерін емдеу мен дәрілік препараттарды сатып алу, диагностика, стоматологиялық қызмет, реконструкциялық және қалпына келтіруші оталар, офтальмологиялық ем, оның ішінде лазерлік коррекция, катарактіні емдеу сынды процедуралар енгізілген. Бұл тізім алдағы уақытта пациенттердің қажеттіліктерн қарай өзгеруі мүмкін, - деді ол.

Сондай-ақ Гүлнар Сәрсенбаева емдеу шаралары тек отандық медициналық мекемелер мен санаторилік орталықтарда жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті. Ем алушыға клиниканы таңдау құқығы берілген. Сондай-ақ ол зейнатақы қорындағы қаражатты жақын туыстарының бірінің еміне жұмсай алады.

Қаражат аударымдарына өтініш оператордың электрондық порталында қабылданатын болады. Барлық мәліметтер, дәрігерлік анықтамалар сол жерде жүктеліп, ЭЦҚ арқылы қол қойлады.

Спикердің айтуынша, қазіргі күні механизм егжей-тегжейлі қарастырылуда.

Өзгелердің жаңалығы