БЖТ төлеушілерден 42 500 теңге төлеміне өтінімдер қабылдау басталды

19 Шілде 2020, 10:10
1235
Бөлісу:
БЖТ төлеушілерден 42 500 теңге төлеміне өтінімдер қабылдау басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші азаматтардан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ең төменгі жалақы – 42 500 теңге мөлшеріндегі  біржолғы төлем төлеуге өтініштер қабылдау басталды.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ағымдағы жылдың шілде айында шектеу шараларының енгізілуіне байланысты табысын жоғалтқан, БЖТ төлеуші болып табылатын өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар 42 000 теңге төлеміне келесі арналар арқылы өтініш бере алады:

– egov.kz – "электрондық үкімет" веб-порталы;

– 42500.enbek.kz порталы;

– telegram-боттар;

– Aitu мессенджеріндегі 42500.enbek.kz қосымшасы;

– homebank.kz порталы.

Төлемді проактивті тағайындауға келісім берген азаматтарға өтінім берудің қажеті жоқ, себебі sms-ке жауап жіберу автоматты түрде өтінім беру болып табылады.

Бұдан бұрын хабарлағандай, 16 шілдеден бастап БЖТ төлеуші болып табылатын адамдар үшін sms-хабарлама жіберу арқылы біржолғы төлемді тағайындау бойынша проактивті қызмет көрсетіледі.

Өзгелердің жаңалығы