БЖК-2025: Қызылордада балалар киностудиясы сериалдар түсіріп жатыр

15 Сәуір 2022, 10:31
2702
Бөлісу:
БЖК-2025: Қызылордада балалар киностудиясы сериалдар түсіріп жатыр

Қызылорда облысы. BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында мемлекет қолдауымен ашылған «Aslan films» киностудиясының «Сәт» атты веб-сериалы қалың көрерменге жол тартты. 

Орталық директоры әрі продюссері Жасұлан Алдабергеновтің «Aslan films» киностудиясын ашу идеясы  «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдау тапқан. Былтыр ол «Балалар киностудиясы» жобасының қайтарымсыз грантына ие болып, студия 3 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдауға қол жеткізді. Кәсіпкердің айтуынша, аталған қаржыға киностудияға қажетті арнайы құрал-жабдықтар мен заман талабына сай техникалық жарықтар алынған. 

Бала күннен киноға түсуді армандадым, бірақ маған киноға  түсуге қарағанда фильмге режиссер болу ыңғайлы екенін түсіндім. Уақыт өте келе актер болып киноға түспесем де, продюсер ретінде жастармен жұмыс жасап, аймаққа үлес қоса алатынымды ұқтым. Осыдан төрт жыл бұрын «Aslan films» киностудиясың жобасын қалап, киноиндустрияға деген қоғамдағы сұранысты бақыладық. Халықтың жылы пікірінен соң 2020 жылы жобамды облыстық кәсіпкерлік  және туризм басқармасының жыл сайын жариялайтын қайтарымсыз гранттар жобасына ұсынып, қомақты қаржыға қол жеткіздім. Бұл менің жобама көрсетілген үлкен мүмкіндік болды, – дейді орталық директоры. 

Жастарға арналған «Сәт» сериалының түсірілім жұмыстары ақпан айында өткен. Спортты жақсы көретін балалар туралы фильм баскетболға қызығатын жасөспірімдер арасындағы жеңіске деген ұмтылысты бейнелейді. 

Аталған бастамаға өнерлі әрі спортқа жақын жиырмаға жуық жас актер қатысты. Олардың бәрі – «Аслан» балалар сутдиясындағы ұстаздар мен режиссердан сабақ алған орталық оқушылары. Сыр өңірі – шығармашылықтың ортасы.  Сондықтан фильм түсірудегі басты мақсатымыз – аймақ жастарын өнер саласында жарыққа шығару, мүмкіндік сыйлау болды. Жеңіске жетер жолда еш дүниеден тайынбайтын шынайы өмірдегі көріністер кинода балаларды мысалға ала отырып жеңіл форматта көрсетілді. Сондай-ақ сериал барысында бала махаббат, үлкеннің кішіге қамқорлығы, ер баланың қыз балаға сыйластығы сынды дүниелер де қамтылған. 

Кино – ұлтты өзгертетін идеологияның басты құралы. Сондықтан қысқаметражды фильмдер арқылы тәрбиелік мәні бар дүние ұсынуға тырысудамыз. Осы уақытқа дейін бес бөлімі түсірілген «Сәт» фильмін көрермен назарына ұсынылды. Тек фильм түсірумен шектелмей, Балалар жылына орай Алматы қаласында бейнебаян да жаздық. Тұсаукесері «Тойдуман» және «Гәкку» арналарынан көрсетілетін болады, – дейді Жасұлан Алдабергенов.

«Сәт» фильмінің сценарийін Шымкент қаласының тумасы Нұрсұлтан Мейірбеков жазған. Бұл туралы фильм режиссері келесідей пікір білдірді:

Аймақта кино саласы енді ғана дамып келеді. Сыр жастарының кино әлеміне деген қызығушылығы арқылы жақсы дүниелер шығаруға тырысудамыз. Осы жылы қоғамдағы маңызды мәселелер мен жастар арасындағы оқиғаларды арқау етіп, «Сәт» фильмін көрермен назарына ұсындық, – деді режиссер Наурызбай Егізбай.

Ал кәсіпкердің айтуынша, «Сәт» сериалына деген жастардың сұранысы жоғары, сондықтан алдағы уақытта түсірілім жұмыстары жалғасатын болады. Әрі кинокартина балалар жылындағы игі бастаманың біріне балануда.

«Aslan films» студиясы Сыр өңіріндегі кино саласына жаңа серпін, жаңа деңгей алып келді. Себебі, бұл аймақтағы алғашқы бастама, осы кезге дейін өңірде мұндай жаңалық болған емес. Жуырда ғана жарыққа шыққан «Сәт» фильміне жастардың, әсіресе мектеп оқушыларының қызығушылығы өте жоғары. Біз оны қалай байқадық? Кеше ғана қалаға қарасты Тасбөгет кентінде «Мүмкіндіктер керуені» атты ауқымды шара өтті. Сол керуен барысында жас актерлардың кастингінде мектеп оқушылары мен студенттердің қарасы көп болды. Бұл студияның жастарға жаңа мүмкіндік сыйлағанын көрсетеді. Осы орайда «Aslan films» студиясының жастарға арналған танымдық деңгейдегі кинолар түсіруіне облыстық жастар орталығы да үлес қосатын болады, – дейді облыстық жастар орталығы директорының орынбасары Талғат Тілес.

Айта кетейік, «Aslan films»  студиясында фильм түсіруден бөлек, 6-18 жас аралығындағы оқушыларға арнайы курстар өткізіледі. Аптасына үш рет сабақ беріліп, оқушылар камера алдында жұмыс жасау, сөйлеу мәдениеті, актерлік шеберлік бағыттары бойынша дәріске қатысады. Бұл мақсатта Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының артистері мен оператор мамандары шақырылған. Осы орайда «Аслан» балалар кино студиясының оқушысы Ақылбек Нұрланұлы да шығармашылық ізденісімен ой бөлісті.

Өнерге бала күнімнен қызығамын. Үш жыл Оқушылар сарайындағы хор үйірмесіне қатысып, білімімді жетілдірдім. Осы уақыт арлағынада өнер байқауларынан жүлделі орындарды иелендім. Бүгінге дейін ұстазым әрі демеушім Жасұлан Алдабергеновтың қолдауымен екі бейнебаян жаздық. Қазір қоржынымда жеті бейнебаян бар. Алдағы уақытта жаңа әндер шығару жоспарлануда, – дейді жас дарын. 

Осы уақытқа «Бақталас» атты жастарға арналған фильм түсірген студияның жас актерлары республиканың түпкір-түпкіріндегі көрерменге танылуда. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан  қолдау көрсетілсе, студия жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі сынды ауқымды тақырыптарды көтеріп, қысқаметражды дүниелер ұсынуға дайын. 

Өзгелердің жаңалығы