Былтыр Жамбылдағы денсаулық сақтау саласына 97,1 млрд теңге жұмсалды

7 Ақпан 2021, 18:22
2168
Бөлісу:
Былтыр Жамбылдағы денсаулық сақтау саласына 97,1 млрд теңге жұмсалды

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев айтып берді.

Жалпы, өңірде 387 медициналық нысан қызмет көрсетеді екен. Соның ішінде ауруханалардың саны 25 болса, амбулаториялық емханалар –147, өзге де денсаулық сақтау ұйымдары – 27. Бүгінгі таңда бекітілген халық тіркеліміне сәйкес облыстың халық саны 1 149 017 адамды құрайды. Спикер «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде 943,1 млн теңгеге 10 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін де жеткізді. Сонымен қатар 45,4 млн теңгеге 4 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалған.

Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жалпы құны 304 млн теңгені құрайтын емхана құрылысы жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне берілді. Бұл – Шу аудандық орталық ауруханасының емханасына жапсарлас тұрғызылған, 250 келушіге арналған ғимарат. Сондай-ақ құны 13,9 млрд теңгені құрайтын 200 төсек-орындық онкологиялық диспансердің құрылысын биыл аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Материалдық-техникалық базамызды нығайтуға да жергілікті бюджеттен қаражат қаралған. Медициналық құрал-жабдықтар мен бұйымдарды алуға 3,9 млрд теңге қаржы бөлініп, 582 дана қажетті дүниелерімізді сатып алдық. Оның ішінде 2 экстрокорпаралды мембранды оксигенация аппаратын, 100 көп функциональды кереуетті, 30 бірлік өкпені жасанды желдету аппаратын, 4 цифрлық рентгенді, 3 компьютерлік томографияны, 4 оттегі стансасын, 1 лазерлік, 1 дистанционды литотриптерді, 4 эксперттік кластағы УДЗ аппаратын және тағы басқаларын атап айтуға болады, - дейді басқарма басшысы.  

Одан бөлек, республикалық бюджет қаражаты есебінен 53 өкпені жасанды желдету аппарты, шалғай жатқан елді мекендердегі тұрғындарға сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 8 жылжымалы медициналық кешен және 18 дана санитарлық автокөлік беріліпті. Бұған қосымша, қаржы лизингі шарттарымен 176,4 млн теңгеге  65 дана санитариялық автокөлік облыстық жедел жәрдем стансасына сатып алынған. Нәтижесінде, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету облыс бойынша 85,19 %-ды құрап, 10,45 %-ға өскен.

Әсет Әскерұлының сөзіне қарағанда, негізгі құралдардың тозу көрсеткіші 37 %-ға жеткен. Бұл сан 2019 жылы 55,95 %-ды құрап, 18,95 %-ға төмендеген екен. Жауапты маман өткен жылы 6,4 млрд теңгеге дәрілік заттар жеткізілгенін де әңгімеледі.

Дәл қазіргі уақытта Жамбыл облысындағы медициналық ұйымдардың «СК-Фармация» ЖШС алдындағы берешегі 741 млн 496 мың теңгеге жетіп отыр. Жалпы кредиторлық берешектің негізгі бөлігі өңірлік көпсалалы ауруханасына тиесілі, яғнибұл мекеме 716 млн 887 мың.теңге қарыз. Одан кейін Шу қалалық ауруханасының 24 млн 609 мың теңге берешегі бар. Қазіргі таңда денсаулық сақтау нысандарының «СК-Фармация» ЖШС алдындағы қарыздарын тез арада төлеу бойынша шаралар қатаң бақылауда, - деп атап өтті Ә.Қалиев.

Жауапты маманнан білгеніміздей, Жамбыл облысы бойынша барлығы 14 527 медицина қызметкері бар екен. Оның ішінде 3 179-ы дәрігер болса, 11 348-і орта медицина қызметкері. Ал мемлекеттік ұйымдарда 12 425 медицина қызметкері болса, жекеменшік ұйымдарда 2 102 маман қызмет етеді. Дәрігерлер тапшылығы былтырғы 1 қаңтарына 359-ды құраса, биылғы осы датада 259-ға төмендеген. Зейнет жасындағы дәрігерлер саны бірқалыпты, 284-286-ның айналасында.

Бүгінде аймаққа 196 жас маман келген, оның 76-сы қалада қалса, қалғаны аудандарға жол тартты. Бұл көрсеткіш 2019 жылы 133 болатын, оның 93-ін аудандарға жіберген болатынбыз. Жас кадрларды тұрақтандыру мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 94 маманға 800 мың теңгеден көтерме жәрдемақы бөлініп, 82-сіне үлестірілді. Былтыр келген 23 жас маман тұрғын-жаймен қамтамасыз етілді. 11 маманға 1500 АЕК көлемінде көтерме жәрдемақы берген болатынбыз. 38 дәрігер 100 АЕК шамасында көтерме жәрдемақы алды, - деді Әсет Әскерұлы.

Оның айтуынша, медициналық көмектің сапасы мамандармен қамтамасыз ету көрсеткішіне тікелей байланысты. Сол себептен өңірде денсаулық сақтау саласындағы маман тапшылығын шешу бағытында біршама жұмыстар атқарылды. Десе де, Денсаулық сақтау министрі мен Әлеуметтік даму министрінің «Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидаларын және алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидаларын бекіту туралы» 281 бұйрығы орындалмай отыр. Демек, медициналық ұйымдарда 74 учаскелік дәрігер жетіспейді. Соның салдарынан 126 862 тұрғын ЖПД дәрігермен қамтылмай отыр деуге болады.

2020 жылы облыс бойынша скринингтік тексеруден жалпы 497 302 адамды жоспарланған болатын. Жыл соңында соның 91,5 %-ын қамтыдық. Оның ішінде жүрек қан тамырлары ауруларын, кантты диабет, глаукома ауруларын ерте анықтау мақсатында жүргізілетін скринингтік тексеруден  305 466 азамат өтті. Сүт безі  обырын, жатыр мойын обырын, тоқішек, тікішек обырларына тексеруден өтуге 191 836 адам жоспарланып, 82,5%-ы қамтылды, - деген басқарма басшысы қан айналымы жүйесінен аурушаңдық көрсеткіші 14%-ға төмендегенін де алға тартты. Алайда, бұл дерттен өлім-жітім көрсеткіші 24,2 %-ға өсіпті.

Былтыр қатерлі ісіктен болатын аурушаңдық көрсеткіші 143,6-дан 137,1-ге дейін, яғни 4,7 %-ға төмендесе, өлім көрсеткіші 64,1-ден 69-ға, яғни 7,6 %-ға өскен. Жауапты маманның сөзіне қарағанда, қанайналым жүйесі ауруларынан өлім-жітімді төмендету мақсатында Шу қалалық ауруханасы базасында компьютерлік томография орнатылып, инсульт орталығы ашылған. Бұл Қордай, Мойынқұм және Шу аудандарының тұрғындарын қамтуда.

Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына өткен жылы жеке және заңды тұлғалардан барлығы 1 180 өтініш-арыз тіркелген. Шағымдардың негізгі себептері медициналық көмекке тұрғындардың көңілдерінің толмауы, дәрігерлер мен мейірбикелердің жөнсіз іс-әрекеттерінен туындайды екен. Бұл халыққа ұсынылатын медициналық көмектің өз деңгейінде көрсетілмейтіндігін, тегін таратылатын амбулаторлық дәрі-дәрмектің талапқа сай берілмейтіндігін, денсаулық көрсеткішіне байланысты стационарға жатқызу ережесінің бұзылатындығын, тиісті заңнамалық акітелерді түсіндіру жұмыстарының өз дәрежесінде еместігін көрсетеді.

Аталған деректер аймақтағы денсаулық сақтау саласында қарқынды жұмыс жоқ дегенді білдірмейді. 2020 жылы өңірде біршама шаруалар атқарылды. Айталық, 120 орындық «Атлетик» реабилитациялық орталығы ел игілігіне берілді. Сонымен қатар Шу қалалық ауруханасы базасына компьютерлік томография орнатылып, инсульт орталығы ашылды. «Қамқорлық» оңалту орталығы, Дұрыс тамақтану орталығы, Тараз қаласында алғашқы эндокринологиялық орталығы пайдалануға берілді. Дәрігерлердің жалақысы 30 %-ға, орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысы 20 %-ға артты. Қауіпті індетпен күреске тартылған 3 979 маманға 4,3 млрд теңге көлемінде үстемақы төленді, - деп атап өтті Әсет Әскерұлы.

Жауапты маман өз сөзінде өңірдегі орта мектептерде 121 денсаулық кабинеті жұмыс істейтінін де жеткізіп, тұрғындардың 99,8 %-ы электрондық денсаулық паспорттарымен қамтылғанын мәлімдеді.

Жалпы медико-демографиялық көрсеткіштердің жағдайына тоқталған Ә.Қалиев табиғи өсім көрсеткіші 1,4 %-ға төмендегенін, туу көрсеткіші 5,5 %-ға өскенін айтты.

Жүкті, босанатын және босанған әйелдерге тәжірибелік көмек көрсету, сыни жағдайдағы әйелдерге, сонымен бірге преэклампсияның ауыр жағдайына, қан кетуге сараптама жүргізу және алдын алу мақсатында Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы перинаталдық орталығы базасында «Акушерлік кеңес» құрылды. Шала туған нәрестелерге, өте төмен салмақта туғандарға медициналық көмек көрсету сапасын одан әрі жақсарту үшін облыстық көпбейінді ауруханасы перинаталдық орталығынан катамнез кабинетін аштық, - деген басқарма басшысы аймақта туберкулез дерті бойынша эпидемиологиялық жағдай жақсарғанын әңгімеледі.

Өкпе құртынан аурушаңдық 20,7 %-ға, ал өлім-жітім 29,6 %-ға төмендепті. Әсет Әскерұлының сөзінше, туберкулезге қарсы күресте науқастарға және олардың отбасыларына әлеуметтік көмек көрсетудің маңызы зор. Жыл сайын жергілікті атқарушы органдар тарапынан науқастарға көрсетілетін әлеуметтік көмектің көлемі артып келеді екен. Мәселен, осы бағытқа 2019 жылы 119,3 млн теңге бөлінсе, былтыр 130,7 млн теңгені қаралған.

Жауапты маманның айтуынша, Жамбыл облысында 21 онкологиялық, 22 маммологиялық және 40 қарау кабинеттері жұмыс істейді. Өткен жылы қатерлі ісіктен болатын аурушаңдық көрсеткіші 143,6-дан 137,1-ге дейін, яғни 4,7%-ға кеміген. Ал өлім көрсеткіші 64,1-ден 69-ға, яғни 7,6 %-ға өскен.

Биыл құны 13,9 млрд теңгені құрайтын 200 төсек-орындық онкологиялық диспансердің құрылысын аяқтап, іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен жеке қаржы бастамасы бойынша облыстық көпбейінді аурухананың құрылысын бастамақпыз. Байзақ ауданында 250 келушіге арналған емхана құрылысын және Қордай ауданында 270 төсек-орындық орталық аурухана (емханасымен бірге) құрылысын жүргіземіз. Жалпы сомасы 2,4 млрд теңге болатын медициналық құрал-жабдықтар сатып алу да ойда бар. Мұның ішіне 1 неонаталдық реанимобиль, 2 магнитті-резонансты томография және өзге де қосалқы құрылғылар кіреді. 3,6 млрд теңгеге 20 нысанның құрылысын салмақпыз. Ең бастысы, 11 896 медициналық қызметкердің жалақысын 25-30 %-ға көтеріледі, - дейді Әсет Қалиев. 


Өзгелердің жаңалығы