Былтыр елде 220 мың азамат диспансерлік есепке алынған

11 Қаңтар 2024, 19:13
605
Бөлісу:
Былтыр елде 220 мың азамат диспансерлік есепке алынған
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - Архив

2023 жылы еліміздің бастауыш медициналық ұйымдарында 90 миллионнан астам қаралушы тіркелген, бұл алдыңғы жылғы жүгіну санынан 10%-ға артық, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, скринингтік тексерулермен 2,8 млн ересек адам, оның ішінде 1,1 млн ауыл тұрғыны қамтылған. Бұл ретте патологиялар 388 мың адамда анықталды, зерттеліп-қаралған 220 мың азамат диспансерлік есепке алынды. Қашықтан медициналық қызмет көрсету үрдісі күшейіп, олардың саны 6,7 есеге артып, 688 мың қызметке жетті.

Амбулаториялық деңгейде пациенттер 324 млн консультациялық-диагностикалық қызмет немесе 1 тұрғынға шаққанда 16-дан астам қызмет алды. Бұл ретте 1 миллионнан астам адам қымбат диагностикалық қызметтермен (КТ/МРТ) қамтылды.

Соңғы 3 жылдың ішінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінген қаражат көлемі 2 еседен астам ұлғайды, ол бүгінде 237 млрд теңгеге жетті. Бұл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша нозологиялар санын 48-ден 126-ға дейін 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ ТМККК және МӘМС пакеттеріндегі тегін дәрілік препараттардың тізбесі – 272-ден 347-ге дейін кеңейтілді, - делінген министрлік ақпаратында.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмекке қол жеткізу мақсатында еліміздің әрбір тұрғыны үшін 78 МСАК нысаны салынып, 80 бастапқы буындағы нысан жөнделді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында 110 мыңнан астам маман, оның ішінде 34 195 дәрігер және 75 852 орта буын қызметкері жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы