«Қазгидромет» РМК бүгін, 30 сәуірде еліміздің 13 облысында дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Синоптиктер найзағай, қатты жел, бұршақ және кей аймақтарда шаңды дауыл болуы мүмкін екенін ескертті.
Ақтөбе облысында күндіз жаңбыр мен найзағай күтіледі, кей жерлерде қатты жаңбыр жаууы мүмкін. Желдің жылдамдығы 15–18 м/с-қа дейін жетеді, ал кей аудандарда бұршақ түсуі ықтимал.
Жетісу облысында жел күшейіп, Алакөл маңында екпіні 23–28 м/с-қа дейін барады.
Қызылорда облысында найзағайлы жаңбырмен қатар шаңды дауыл қаупі бар. Жел 15–20 м/с дейін күшейіп, өңірдің бірқатар бөлігінде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Маңғыстау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Кей жерлерде тұман түсіп, түнгі уақытта ауа температурасы төмендеп, үсік байқалуы мүмкін.
Қарағанды, Абай және Павлодар облыстарында да желдің күшеюі мен өрт қаупінің артуы болжанып отыр.
Түркістан және Жамбыл облыстарында таулы аймақтарда қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай күтіледі. Жел 15–20 м/с дейін күшейіп, кей жерлерде тұман түсуі мүмкін.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының қолайсыз кезеңінде қауіпсіздік шараларын сақтап, ашық ауада ұзақ уақыт жүрмеуге және сақтық танытуға кеңес береді.