Буллингке ұшыраған балада қандай өзгерістер пайда болады? – Психолог түсіндіріп берді

14 Сәуір 2022, 16:24
3416
Бөлісу:
Буллингке ұшыраған балада қандай өзгерістер пайда болады? – Психолог түсіндіріп берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Желмая» жобасында қонақта болған психолог Ержан Мырзабаев буллингке ұшыраған балада болатын өзгерістер туралы айтып берді.

Буллингке ұшыраған балаға не болады? Біріншіден, психологиялық тұрғыдан әрдайым қорқыныш болады. Сабақ үлгерімі нашарлайды, мектепке бармау үшін жиі сылтау айта бастайды, сабаққа жиі кешігеді. Сондай-ақ бұл балалар үзіліс кезінде емін-еркін жүре бермейді және үнемі күйзелісте, қорқынышта жүрген балада көптеген созылмалы ауру пайда болуы мүмкін, - дейді психолог.

Сонымен қатар ол сұхбат кезінде ата-ана баламен буллинг тақырыбында қалай сөйлесуі керегін айтты.

Балалар неліктен буллингке ұшырайды? Неге оған шыдап жүре береді? Не себепті ата-анасына, мұғаліміне айтып, шағымданбайды? Осы сұрақтарды талқылап көрейік. Біз буллингті әлі күнге дейін проблема ретінде көріп отырған жоқпыз. Қазір бала ата-анасына мектепте мазаққа қалғаны туралы шағымданса, «сен де мазақтай сал, ештеме етпейді, кейін дос болып кетесіңдер» дей салады. Осылайша баланың кішігірім шағымдарын ата-ана проблема ретінде көрмейді. Соған байланысты әрекет те жасамайды. Бала буллингтің проблема екенін білуі үшін оны ата-ана түсіндіруі керек, - деп санайды психолог Ержан Мырзабаев.

Оның сөзінше, ата-ана баламен әңгімелесіп, буллинг туралы өйлесуі керек. Егер баланың мектепте проблемасы (тиісу, мазаққа қалу, т.б.) оны ата-анасы білуі үшін дереу хабарлап отыруы қажет.

Яғни балаға қайта-қайта тиісіп, мазақтайтын проблемалар болса, оны бала ата-анасына айтуы тиіс. Осыдан кейін ақпаратты білгеннен кейін ата-ана мектеп әкімшілігімен осы проблеманы қарауы қажет. Өйткені буллинг – ол белгілі бір ортада болатын мәселе. Буллинг жасаған адамды «агрессор» деп атайды. Енді агрессор бала ата-анасына барып, шағымданбайды. «Әке, мен мектепте бәрін ұрып жүрмін» деп айтпайды, - деп түсіндірді сарапшы.

Мырзабаев бала шағымданбаса, бірақ оның бойынша күрт өзгерістер болса, мысалы, тұйықталу, ашылып сөйлеспеу, сабақ үлгерімі нашарлау, тез ашуланғыш болып кету, онда мектеп әкімшілігімен кездесу керегін айтты.

Еске сала кетейік, бүгін Сенат «кибербуллингке қатысты» заң жобасына өзгерістер енгізіп, Мәжіліске қайтарды.

Өзгелердің жаңалығы