Буллинг және суицид: Жасөспірімдер неге қатігездікке барады

3 Қазан 2024, 18:43
601
Бөлісу:
Буллинг және суицид: Жасөспірімдер неге қатігездікке барады
Фото: автордан

Соңғы кезде елімізде жасөспірімдер арасында суицид және буллинг жасау деректері көбейіп барады. Мәселен, биыл Ақтөбе облысында буллинг жасау дерегі бойынша екі жағымсыз оқиға тіркеліп, нәтижесінде екі оқушы көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жуырда Ақтөбе облыстық прокуратурасы Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша Темір ауданы Қопа ауылындағы Қопа орта мектебінің 9-11 сынып оқушылары арасындағы кикілжің салдарынан көз жұмған 9-сынып оқушысының өлімін облыс прокуроры Халидулла Дәуешов жеке бақылауына алғанын хабарлаған болатын. Қазіргі таңда бұл оқиға бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ал сәуір айында Ақтөбе қаласындағы Есет батыр атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде оқушылар арасында әлімжеттік көрсету салдарынан 8-сынып оқушысы қайтыс болған еді. Көз жұмған оқушының анасы баласына жоғары сыныптың оқушылары жатақхана бөлмесіне кіргізіп алып, әлімжеттік жасағанын жеткізген болатын. Тамыз айында бұл іс бойынша сот процесі басталды.

Өкінішке қарай, қазір мектептерде қатарластарына әлімжеттік көрсету, ақша бопсалау, мазақтау, қорлау, т.б. түрлі буллинг жасау деректері азаймай отыр. Қалай жасырсақ та мұндай әрекеттер мектептер мен колледжерде бар. Ақтөбе облысында мұндай қайғылы оқиғалар бұған дейін де бірнеше мәрте болған.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының бас маманы Әмина Нұрманованың айтуынша, бүгінде облыста 43 783 тәрбиеленушісі бар 607 мектепке дейінгі ұйым, 160 492 контингенті бар 405 мектеп және 23 128 студент білім алатын 40 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы бар. Осы оқу орындарында бала құқығын қорғау, олардың заңды мүдделері мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі таңда облыстағы 403 білім беру ұйымында 492 психолог және 350 әлеуметтік педагог жұмыс істейді. Облыстағы кәмелетке толмаған балаларды психологиялық қолдау мақсатында өңірімізде кәмелетке толмағандар арасында суицид деректерін зерделеу бойынша өңірлік ведомствоаралық топтар құрылып, бүгінде барлық мектеп пен колледжге сенім жәшіктері орнатылды. Келіп түскен өтініштерді психолог мамандар қарап, көмек көрсетеді. Бұдан бөлек, отбасы, әйелдер және балалар мәселелері бойынша «111» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығының сенім телефоны іске қосылды. Сондай-ақ облыста «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығы ашылып, қазір ата-аналар мен оқушыларға жан-жақты көмек көрсетіп жатыр. Ал «Жан сыры» психологиялық консультация кабинетінде психологиялық қолдауға мұқтаж кез келген білім алушылар мен ата-аналар ақысыз түрде қызмет ала алады. Бүгінгі күнге дейін жалпы саны 508 өтініш түсті. Оның ішінде білім алушыларға — 254, ата-аналарға 254 консультация өткізілді, - дейді бас маман.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Ақтөбе облысында буллингке қарсы «KiVa» бағдарламасы өңірдің 13 мектебінде жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен 24/7 режимінде балалар мен ата-аналарға «Bala Qorgau» QR-коды арқылы тегін консультациялық көмек көрсетіледі. Дегенмен өңірдегі білім беру ұйымдарында жан-жақты жұмыстар жүргізілсе де, биыл оқушылардың өлімімен аяқталған бірнеше дерек тіркеліп отыр. Бұл аталған бағыттағы жұмыстардың әлде де болса жүйелі түрде жолға қойылмағандығын білдіреді.

Буллинг және суицид: Жасөспірімдер неге қатігездікке барады

 

Психологтардың көмегіне 254 ата-ана жүгінген

Бүгінде Ақтөбе қаласында оқушылар мен ата-аналарға арналған «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталыққа жыл басынан бері 254 ата-ана баласымен келіп психолог мамандардан көмек алған.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығы директорының орынбасары, психолог Меруерт Жұбандықованың айтуынша, қазір мұнда 20 адам қызмет етеді. Оның 18-і — психолог. Орталық биыл мамыр айында ашылған. Бұған дейін бұл мекеме Ақтөбе облыстық әдістемелік орталықта психологиялық кабинет ретінде жұмыс істеген. Қазір сол жердегі мамандар арнайы орталыққа келіп жұмыс жүргізуде.

Бүгінде облыстағы мектеп және арнаулы оқу орындары оқушылары арасында аутодеструктивті мінез-құлықтар, оның ішінде суицидтік әрекеттер, ерте жүктілік, жыныстық қолсұғушылық, зорлық-зомбылық, буллинг, кибербуллинг мәселелері тіркелуде. Қазір біз осындай жағымсыз оқиғалардың алдын алу және оны болдырмау мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Оқу-ағарту министрлігінің №377 бұйрығына сәйкес білім беру ұйымдарында мекеме басшысы, оның орынбасары, әлеуметтік педагог, психолог, сынып жетекшісі, мектеп медбикесі, кәмелетке толмағандар жөніндегі инспектор «тәрбие мүшелері» деп келтірілген. Осы жауапты мамандар білім алушылардың қауіпсіздігі, сауаттылығын арттыру мен дамыту бағытында жұмыс жасайды. Бүгінде осы мамандарды жұмылдыра отырып, облыста үш жоба жүзеге асырылуда, - дейді М.Жұбандықова.

Оның айтуынша, бірінші жоба — «Стоп, буллинг» жобасы Ақтөбе қаласындағы 40 мектепте, сондай-ақ Темір, Шалқар аудандарындағы бірнеше мектепте жүзеге асырылуда. Екінші жоба — «KiVa» бағдарламасы бойынша аудандардан бір пилоттық мектеп және Ақтөбе қаласында Назарбаев зияткерлік мектебі таңдалып, осы ұйымдарда оқушылармен жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Үшінші жоба «Үйлесімділік» деп аталады. Бұл жоба ата-ана, бала және педагогтің бірлесіп жұмыс жүргізуіне арналған. Сондай-ақ мазасыздығы жоғары балалармен жұмыс жүргізуге арналған «Сенім. Тірек. Кеңестік» жобасы да қазір өңірде іске асырылуда.

Қазіргі балаларды акселераттар деуге болады. Себебі бұрын қазақта жасөспірімдерді «Он үште отау иесі» дейтін болса, қазіргі балалардың психикасы әлсіз, мінез-құлықтары агрессивті. Соңғы кезде 9-10 жастан бастап балалардың ойлауы, дамуы өзгеруде, қазір балаларымыз «миллениал ұрпақтар» қатарына жатады. Сондықтан балалардың қызығушылығы төмен. Қазіргі балаларды қызықтыру өте қиын. Сондықтан ата-аналар балаларымен жиі сөйлесіп, сырласуы керек. Қазіргі ұрпаққа деген қарым-қатынасты өзгертуіміз қажет. Біз бүгінде балалардың материалдық жағынан гөрі рухани құндылықтарын көбірек ойлауға тиіспіз. Психолог маман ретінде айтарым, әр ата-ана өз баласын күніне бірнеше рет құшақтап, мейірімін, сүйініспеншілігін көрсетуі керек. Себебі балаларға жетпейтіні — жылулық пен сүйіспеншілік, - дейді Меруерт Жұбандықова.

Психологтың айтуынша, негізі мінез-құлықтағы өзгешеліктер мен ауытқушылықтар балалардың 3, 5, 7 жасында болады. Мысалы, 7-8-сыныпта оқитын оқушылардың балалық шақта алған түрлі дерті, соққысы, күйзелісі жасөспірім шағына байқалады. Сондықтан ата-аналар балаларына балабақшадан бастап көңіл бөлуі керек.

Біздің орталыққа қазіргі таңда өтпелі кезеңде жүрген, яғни 7-11 сыныпта және колледждің 1-курсында оқитын оқушылар мен олардың ата-аналары көп жүгінеді. Жалпы, жасөспірімдердің көбі осы өтпелі кезеңде мінез-құлқы өзгеріп, ата-анасымен тіл табыспай, түрлі манипуляцияларға барады. Мәселен, қыз балалар айтқаны болмай, ойлағаны жүзеге аспаса, дәрі ішіп, өзіне қол жұмсауға дейін баруы мүмкін. Бұл суицидке әрекеттену деген сөз. Ал ер балалар арасында мұндай жағдайлар жақын адамдарынан көңілі қалып, белгілі бір себептен өмірден баз кешуінен болады. Тағы бір жайт, қазір өңірімізде қыз және ер балалар арасында өгей әкесінен, ағасынан, туысы немесе көршісінен зәбір көріп, жыныстық қол сұғушылық дерегі анықталып жатқан жағдайлар бар. Ата-аналар көп жағдайда жыныстық қол сұғушылық деректерін жасырады. Мәселен, былтыр облыста мұндай бірнеше дерек тіркелді. Биыл мұндай оқиға тіркелген жоқ. Бұл жағдай ата-ананың баласымен ашық сөйлеспеуінен, сондай-ақ қазіргі балалардың көп дүниені интернеттен көріп, білуінен болып отыр. Ал суицидтік жағдайлар мектеп оқушылары арасында көптеп тіркелуде, - дейді психолог.

Меруерт Жұбандықова балалардың суицидке баруының бірнеше себебін атады. Оның қатарында ата-анасымен жанжалдасып, дұрыс қарым-қатынас құра алмауы, жалғыздықты сезінуі, жауапсыз махаббат, т.б. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарындағы жас психологтардың біліктілігі мен тәжірибесі жетіспеушілігінен кейде қателік кетіп те жатады. Яғни, балаларға сауалнама жүргізгенде маман шкалаға қарағанмен, ішіндегі сауалдарға мән бермейді. Соның салдарынан оқушылардың басындағы жағдайлар жіті тексерілмейді.

Біз мектеп психологтарына білім беру ұйымының әлеуметтік паспортын қарап, мектепте қанша толық емес, сәтсіз жанұядан шыққан, ерекше білімді қажет ететін, отбасында өгей әкесімен немесе анасымен тұратын балалар бар екенін сараптап, олармен көбірек жұмыс жүргізу керектігін үнемі айтып отырамыз. Ережеге сәйкес, мектепішілік тәуекел топқа да бақылау жүргізілуі керек. Тіпті, көп балалы отбасылардың баласын да психологтар қадағалауы керек. Қазіргі балаларға «жоқ» деген сөздің өзін әдемілеп жеткізу қажет. Себебі балалардың психикасы әлсіз, оларды бірден «тәртіпке бағындырамын» деу дұрыс емес, - дейді ол.

Маманның айтуынша, орталыққа келетіндердің арасында буллингке ұшыраған оқушылар да бар. Мәселен, бұған дейін орталық мамандары бірнеше жыл бұрын қайғылы оқиға кезінде психологиялық соққы алған Шалқар қаласындағы Б.Сүлейменов атындағы мектептің оқушылары мен олардың ата-аналарымен жұмыс жүргізген. Қазіргі таңда жоғарыда атап өткен биыл буллинг салдарынан көз жұмған екі мектептің оқушыларының ата-аналары мен білім беру ұйымдарының оқушылары мұнда келіп, мамандардан кеңес алып жүр.

Біздің орталыққа биыл Есет батыр атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде көз жұмған оқушының анасы мен егіздің сыңары келіп, психологиялық көмек алып жүр. Сондай-ақ жуырда біз Қопа ауылына барып, мектеп оқушыларымен кездесулер өткіздік. Алдағы уақытта бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Жалпы біздің орталық кез келген көмекке мұқтаж оқушыға, ата-анаға қолдау көрсетеді. Қазір біздің мекемемізде call-орталық 24/7 режимінде жұмыс жасайды. Нөмірі: 8-702-031-25-22. Осы телефон арқылы ата-аналар алдын ала жазылып келеді. Бұл жерде баламен де, ата-анамен де мамандар терапиялық жұмыстар жүргізеді. Терапиялық жұмыстардың мерзімі 1-6 ай аралығында, — дейді «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығы директорының орынбасары, психолог Меруерт Жұбандықова.

Айта кету керек, бүгінде Ақтөбе облысындағы бірқатар білім беру ұйымдарында психолог мамандар тапшы. Ал жеке колледждерде қызмет етіп жүрген мамандардың тәжірибесі аз. Сондай-ақ ауылдық мектептерде психологиялық кабинеттердің көбі арнайы жабдықталмаған.

Р.S. Жуырда Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев брифинг өткізіп, елімізде өз-өзіне қол жұмсайтын жастардың қатары көбейгенін жеткізді. Ол суицидке баратындардың басым бөлігі 15-17 жас аралығындағы, яғни өтпелі кезеңдегі жасөспірімдер екенін айтты. Біз осы орайда жасөспірімдердің суицид жасау деректері бойынша облыстық полиция департаменті мен облыстық білім басқармасынан нақты статистика сұраған едік. Алайда екі жауапты мекеме де ақпарат беруден бас тартты. «Ауруын жасырған өледі» демекші, өңірімізде болып жатқан жағымсыз оқиғалар мен ол туралы деректерді жасыру ешкімге пайда әкелмейді. Тиісінше, жауапты органдар дабыл қағып, мәселенің себеп-салдарымен күресуге тиіс. Ал бізде бұл бағытта жұмыс жүргізу жағы ақсап тұр...

Өзгелердің жаңалығы