Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялауды бастады. Мемлекет басшысы осы жолғы Жолдаудың маңызы айрықша екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін мен Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауымды жариялаймын. Бұл Жолдаудың мәні де, мазмұны да айрықша. 25 қазанда ұлттық мерекеміз – Республика күнін атап өттік. Осы күні Егемендік туралы декларация қабылданды. Біз дербес ел болу жолында батыл қадам жасадық. Көп ұзамай Тәуелсіздік туын биікке көтеріп, елдігіміздің іргесін бекіттік, – деді Президент.
Тоқаев атап өткендей, биыл қасиетті Тәуелсіздігімізге 35 жыл толып жатыр. Бұл тарихи меженің ұлт шежіресінде алатын орны бөлек.
Биыл наурыз айында халқымыз мемлекеттігіміздің негізгі тірегін – Конституциямызды қабылдады. Бұл тұтас еліміз үшін тарихи мән-мағынасы терең оқиға болды. Конституцияны бірнеше ұрпақтар арасындағы қастерлі келісім деп атауға болады. Өйткені Конституцияда Қазақстанның қазіргі бітім-болмысы мен болашақтағы бейнесі нақты айқындалды. Азаматтарымыз жаппай қолдаған Конституция 1 шілдеде заңды күшіне еніп, еліміздің саяси жүйесінің түбегейлі жаңғыруына, жаңа билік институттарының құрылуына үлкен серпіліс берді. Жұртымыз жарқын болашаққа бастайтын ауқымды жұмысты атқаруға белсенді түрде кірісті, - деп айтты Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, ел өміріндегі тарихи өзгерістердің барлығы халықтың көз алдында болып жатыр. Ойынша, бұл мәселе аса маңызды болса да, көп сөз айтудың қажеті жоқ.
Айта кетейік, Президент қазан айында Қазақстан халқына Жолдау жасайтыны хабарланды.
Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауын 28 қазанда жариялайтынын жеткізді.
Бұған дейін Президенттің халыққа Жолдауын қашан және қайдан қарауға болатынын да жазған болатынбыз.