Бұл жағдайды сырттан бақылап отырмауымыз керек – Тоғжанов

12 Маусым 2023, 15:45
1269
Бөлісу:
Бұл жағдайды сырттан бақылап отырмауымыз керек – Тоғжанов
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Ақтөбе облысының мемлекеттік қызметшілері Абай облысындағы орман өртінен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін бір күндік жалақысын аударады, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, аудан әкімдері мен мемлекеттік органдардың басшылары Абай облысында қаза тапқан орманшыларды бір минут үнсіздікпен еске алды. 

Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын. Олардың әрқайсысы өз өмірін басқалар үшін құрбан етіп, еңбектеріне нағыз адал болған жандар. Біз бұл болған төтенше жайдайды жәй ғана сырттан бақылап отырмауымыз керек. Мен орман өрттерінен зардап шеккендерге қолдау көрсету мақсатында бір күндік жалақыны аударуды ұсынамын. Сондай-ақ, біз осындай төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылдауымыз қажет, - деп атап өтті аймақ басшысы жиын барысында. 

Ералы Тоғжановтың тапсырмасы бойынша өрт-құтқару бөлімшелерінің барлық күштері мен құралдарына қайта түгендеу жұмыстары жүргізіледі. 

ТЖ департаментінің деректері бойынша облыста 97 қосалқы, 16  арнайы және 81 өрт сөндіру техникасы, 5 өрт сөндіру пойызы, 2 203 адамнан тұратын 320 ерікті өртке қарсы құрылым, 8 орман шаруашылығы бар. 

Ерікті өрт сөндірушілер 713 бейімделген техникамен қамтамасыз етілген. 

Өңірде 78 мыңнан астам тұрғыны бар 146 елді мекенді өртке қарсы қорғауды қамтамасыз ететін 41 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Бекеттердің базасында 25 өрт сөндіру және 16 бейімделген техника бар. 

Өртке қарсы ерікті құрылымдардың жиналу, жедел шығу және өртті сөндіру дағдыларын пысықтап, басқа қызметтермен өзара іс-қимыл жасауын жетілдіру мақсатында үстіміздегі жылдың 10 маусымында Мәртөк, Хромтау және Қарғалы аудандарының бөлімшелерінің қатысуымен өрт-тактикалық оқу-жаттығу жиыны өткізілді. 

Ақтөбе облысының орман шаруашылығын дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары кезең-кезеңімен іске асырылуда, онда орман өрттерін болдырмау және оларды уақтылы сөндіру мақсатында өртке қарсы қызметтің күштері мен құралдарын орналастыру үшін 7 орман өрт сөндіру станциясын салу көзделген.

Өзгелердің жаңалығы