- Мұқаба
- Жаңалықтар
- "Бұл дағдарысты шешкен бірде-бір ел жоқ": Түркиялық сарапшы БЖЗҚ реформасы жайлы
"Бұл дағдарысты шешкен бірде-бір ел жоқ": Түркиялық сарапшы БЖЗҚ реформасы жайлы
Түркиялық сарапшы Қазақстандағы зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу жүйесіне баға берді.
Бүгiн 2026, 18:35
Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану үшін белгіленетін жеткіліктілік шегінің ұлғаюы қоғам талқысына түсті. Осы мәселенің кеңірек қырын саралау үшін BAQ.KZ тілшісі түркиялық саясаткер, тарих ғылымдарының докторы, Каһраманмараштағы Түрік орталығының төрағасы Бахтияр Мурат Араспен тілдесті. Оның сөзінше, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің тұрақтылығы бүгінде әлемнің көптеген елі үшін өзекті мәселеге айналған.
Халықтың қартаюы әлеуметтік жүйелерге ауыр салмақ түсіруде
Бахтияр Мурат Арастың сөзінше, қазіргі таңда мемлекеттер үшін ең маңызды экономикалық мәселелердің бірі – халықтың қартаюына байланысты әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерінің тығырыққа тірелуі.
Бұдан елу жыл бұрын адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 45–50 жас шамасында болатын. Ал бүгінде Еуропаның көптеген елдерінде бұл көрсеткіш 85 жасқа дейін жетті. Әрине, мұның өз салдары бар. Ең алдымен, зейнетақы төлеу мерзімі ұзарады. Сонымен қатар созылмалы ауруларды емдеуге жұмсалатын шығындар бірнеше есе өсіп отыр. Дәрі-дәрмек бағасы қымбаттады, қарттарға күтім көрсету қызметтерінің шығыны артты. Мұның барлығы әлеуметтік мемлекет моделіне қосымша жүк түсіреді. Бұл жағдай тек Еуропада емес, Түркияда да байқалады, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, халықтың орташа жасы өскен сайын мемлекеттердің денсаулық сақтау мен әлеуметтік төлемдерге жұмсайтын қаражаты да көбейеді.
Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі орташа жастың ұлғаюы өте қымбат әрі ұзақ уақыт қолданылатын дәрі-дәрмектердің шығынын арттырады. Бұған қоса адамдар ұзақ өмір сүрген сайын зейнетақы төлеу мерзімі де ұзара береді. Мұның бәрі мемлекеттер үшін үлкен қаржылық салмақ болып отыр, – дейді ол.
Мемлекеттер неге жеке сақтандыруға көбірек мән бере бастады?
Сарапшының пікірінше, дәл осы себептен көптеген мемлекет әлеуметтік жүктемені азайтудың түрлі жолдарын қарастыруда.
Қазір көптеген елд балама шешімдер іздеп жатыр. Мемлекеттер жеке сақтандыру жүйелерін ынталандыруға, азаматтарды жеке сақтандыруға көбірек тартуға тырысады. Өйткені әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне түсетін салмақ жыл сайын артып келеді. Алайда мұның да өз қиындығы бар. Өйткені бір жағынан мемлекет шығындарды бақылауға тырысады, ал екінші жағынан азаматтар зейнетке шыққаннан кейін лайықты өмір сүргісі келеді. Сондықтан бұл мәселенің қарапайым шешімі жоқ, – дейді Бахтияр Мурат Арас.
Оның айтуынша, әлеуметтік саясаттағы кез келген өзгеріс қоғамның әртүрлі тобына әрқалай әсер етеді. Сондықтан мемлекеттер бір шешім қабылдағанда екінші мәселені туындатуы мүмкін.
Зейнет жасын көтеру мәселені шеше ме?
Көптеген мемлекет зейнет жасын кезең-кезеңімен көтеріп жатыр. Алайда сарапшы мұның да даулы тұстары бар екенін айтады.
Мемлекеттер әртүрлі шаралар қабылдап жатыр. Соның бірі – зейнет жасын көтеру. Бірақ зейнет жасын ұлғайтсаңыз, жастардың еңбек нарығына кіруіне белгілі бір дәрежеде кедергі келтіруіңіз мүмкін. Ал зейнет жасын төмендетсеңіз, ерте зейнетке шығатын адамдар саны көбейеді. Сондықтан бұл өте күрделі мәселе. Әр адам оған өз тұрғысынан қарайды. Бірақ мемлекет басқарушысы үшін әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын сақтау маңызды. Сол себепті балама жолдар мен түрлі әдістер әлі де талқыланып жатыр, – дейді шетелдік сарапшы.
Сарапшының пікірінше, бүгінге дейін бұл түйткілдің әмбебап шешімін тапқан мемлекет жоқ.
Егер нақты шешім табылды ма десеңіз, жоқ. Әзірге ешбір ел бұл мәселені толық шештік деп айта алмайды, – дейді ол.
Халық саны азайып жатқан елдер мен өсіп жатқан елдердің мәселесі екі түрлі
Бахтияр Мурат Арас демографиялық ахуал әр мемлекетте әртүрлі болғандықтан, әлеуметтік саясат та соған қарай қалыптасатынын айтады.
Еуропада көптеген елдердің халқы азайып барады. Ал кейбір мемлекеттерде халық саны керісінше өсіп жатыр. Сондықтан әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін тұрақты ұстау үшін әр ел өз жағдайына сай шешім іздеуге мәжбүр. Халқы көбейіп жатқан мемлекеттерде бұл мәселе тіпті өзекті. Өйткені әлеуметтік төлемдер алатын адамдар саны да артады. Мұндай жағдайда жүйені тұрақты сақтау үшін жаңа тәсілдер қажет, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, мемлекеттер қазірдің өзінде түрлі нұсқаларды қарастырып жатыр. Бірақ мәселенің ауқымы үлкен болғандықтан, оны қысқа мерзімде шешу қиын.
Жастар – әлеуметтік жүйенің басты тірегі
Сарапшы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің болашағы еңбек нарығымен тікелей байланысты екенін атап өтті.
Қазақстандағы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін толық білемін деп айта алмаймын. Бірақ әлем елдері қазір бір маңызды кезеңді бастан кешіріп жатыр. Біз оны "алтын мүмкіндік кезеңі" деп атаймыз. Яғни жұмыс істейтін жастар зейнеткерлерді қаржыландыратын жүйе туралы айтып отырмыз. Әлем халқының қартаюы мен жастар санының азаюы әлеуметтік қамсыздандыру жүйелеріне елеулі қауіп төндіруде. Сондықтан ең маңызды мәселе – жастарды жұмыспен қамту және өндірісті арттыру. Неғұрлым көп жас өндіріс үдерісіне қатысса, әлеуметтік жүйеге түсетін салмақ та соғұрлым азаяды, – дейді ол.
Сарапшы Қазақстандағы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін азаматтардың пайдалануына мүмкіндік берілуін де назардан тыс қалдырмады.
Қазақстандағы зейнетақы қорларында жиналған қаражаттың белгілі бір бөлігін азаматтардың өз қажетіне пайдалануына мүмкіндік берілуі маңызды қадам деп ойлаймын. Азаматтар үшін бұл өте тартымды жүйе. Өйткені олар болашақта алатын жинақтарының бір бөлігін қазір пайдалана алады. Бірақ ең бастысы – әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің тұрақтылығын сақтау. Оның негізгі шарты – жастардың жұмыспен қамтылуы, халықтың жас болуы және жастардың өндіріс пен еңбек нарығына белсенді қатысуы. Өйткені әлеуметтік жүйеге жарна төлейтін де – солар, – дейді Бахтияр Мурат Арас.
Әлем әзірге нақты шешім тапқан жоқ
Сарапшының айтуынша, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің алдында тұрған негізгі сын-қатерлер алдағы жылдары да өзектілігін жоғалтпайды.
Мәселен, өз елімнен мысал келтірсем. Түркияда барлық зейнеткерлердің және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тіркелген азаматтардың емделу шығындары мен дәрі-дәрмек шығыстары мемлекет тарапынан өтеледі. Нәтижесінде зейнетақы төлемдерімен қатар денсаулық сақтау шығындары да мемлекетке үлкен жүк түсіреді. Түркияның жыл сайынғы дәрі-дәрмекке жұмсайтын шығыны шамамен 12 миллиард долларды құрайды. Сондықтан түрлі балама шешімдер қарастырылып жатыр. Бірақ бұл мәселені толық шештік деп айта алмаймыз. Халықтың орташа жасы артқан сайын адамдардың күтімге, дәрі-дәрмекке және медициналық көмекке деген қажеттілігі де арта береді. Бұл тек Түркияның немесе түркі мемлекеттерінің мәселесі емес. Бұл бүкіл әлемге ортақ мәселе. Қазір барлық мемлекет осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Бірақ менің ойымша, бүгінгі күні "біз бұл мәселені толық шештік" деп айта алатын ел жоқ, – деп түйіндеді Бахтияр Мурат Арас.
Еске салайық, 6 маусымда БЖЗҚ зейнетақы жинағын алудың жаңа жеткіліктілік шектерін жариялады.
Сондай-ақ министрлік жеткіліктілік шектерін көтеру қазақстандықтардың болашақ зейнетақысын қорғауға бағытталғанын айтты.
Сонымен қатар саясаттанушы Ғазиз Әбішев те бұл шешімге қатысты өз пікірін білдірді.
Ең оқылған:
- Қытай Тайвань маңында арнайы операция басталғанын мәлімдеді
- Қызылордада жоғалып кеткен 6 жастағы қыздың денесі табылды
- Конгода Эбола өршіп барады: Індет жұқтырғандар саны 500-ге жуықтады
- Демалыс күндері интернет неге істемей қалды: Министрлік түсініктеме берді
- Қытайда бірден екі деңгейлі қауіп жарияланды: нөсер мен сел қаупі күшейді
Мақпал ОРЫНБЕК