Қаржы сарапшысы зейнетақы жинағын қарттық шаққа сақтауға шақырды

Қаржы сарапшысы зейнетақы жинақтарын бүгін пайдалану болашақтағы зейнетақы төлемдерінің көлеміне сөзсіз әсер ететінін атап өтті.

 ©BAQ.KZ Бүгiн 2026, 19:15
Бүгiн 2026, 19:15
201
Фото: ©BAQ.KZ

Зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жеткіліктілік шектерін көтеру – орынды шешім. Өйткені зейнетақы жүйесінің басты мақсаты – азаматтарды еңбек жолын аяқтағаннан кейін табыспен қамтамасыз ету, ал ағымдағы қаржылық мәселелерді шешудің құралына айналмауы керек. Мұндай пікірді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сарапшының айтуынша, ол зейнетақы жинақтарын жаппай мерзімінен бұрын алуға басынан-ақ қарсы болған. Себебі бұл қаражаттың негізгі мақсаты – адамның қартайған шағында лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету.

Зейнетақыдағы ақша жөндеу жүргізуге, баспана сатып алуға немесе өзге де күнделікті шығындарды өтеуге арналған жинақ емес. Бұл – адам зейнетке шыққаннан кейін қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуі тиіс қаражат. Сондықтан жеткіліктілік шектерін көтеру қисынды әрі уақытылы қабылданған шешім деп есептеймін, – деді сарапшы.

Расул Рысмамбетов бүгін пайдаланылған зейнетақы жинақтары ертеңгі зейнетақы төлемдерінің көлеміне міндетті түрде әсер ететінін атап өтті. Оның пікірінше, қаражатты мерзімінен бұрын алудың қысқа мерзімді пайдасы кейін мемлекет тарапынан зейнеткерлерге қосымша қолдау көрсету қажеттілігіне алып келуі мүмкін.

Сарапшы сондай-ақ халықтың ресми табысын арттыруға және заңды еңбекпен қамтылуын ынталандыруға басымдық беру қажет екенін айтты. Оның сөзінше, зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы азаматтардың тұрақты түрде зейнетақы жарнасын аударуына және ресми жалақы мөлшеріне тікелей байланысты.

Басты мәселе – БЖЗҚ-дан қаражат алудың жаңа жолдарын іздеу емес. Керісінше, жоғары ресми жалақы алатын және тұрақты зейнетақы аударымдарын жасайтын азаматтардың санын көбейту маңызды, – деді ол.

Қаржы сарапшысы мерзімінен бұрын алынған зейнетақы қаражатының жылжымайтын мүлік нарығына да әсер еткеніне назар аударды. Оның айтуынша, қаражаттың едәуір бөлігі тұрғын үй секторына бағытталып, соңғы жылдары баспана бағасының өсуіне ықпал еткен факторлардың біріне айналды.

Расул Рысмамбетов жеткіліктілік шектерін қайта қарау қазіргі экономикалық жағдайға сай келетінін айтты. Оның сөзінше, қажетті жинақ көлеміне халықтың өмір сүру ұзақтығының артуы, ең төменгі зейнетақының өсуі және инфляциялық үдерістер сияқты факторлар әсер етеді.

Сарапшы зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту зейнетақы активтерін басқару сапасын арттырумен және оларды инвестициялау тиімділігін күшейтумен қатар жүруі тиіс деп есептейді.

Зейнетақы жинақтары салымшылардың ұзақ мерзімді әл-ауқатына қызмет етуі керек. Сондықтан бүгінде активтерді басқару және оларды тиімді орналастыру мәселесі жинақ көлемінің өзінен кем маңызды емес, – деп түйіндеді қаржы сарапшысы.

Еске салайық, бұған дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану үшін белгіленген жеткіліктілік шектерін қайта қарайтынын мәлімдеген болатын. Бұл шешім сарапшылар арасында қызу талқыланып, оның зейнетақы жүйесінің болашақ тұрақтылығына ықпалына қатысты түрлі пікірлер айтылды.

Наверх