Бұл – бос уәде емес. Енді қос білекті түріп, іске кірісу керек – Әшімжан

12 Қаңтар 2021, 21:21
2179
Бөлісу:
Бұл – бос уәде емес. Енді қос білекті түріп, іске кірісу керек – Әшімжан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Республикалық «Ана тілі» ұлт газетінің Бас редакторы Жанарбек Әшімжан Facebook-тегі парақшасында жазды.

Өздеріңізге мәлім, биылғы Парламент және мәслихаттар сайлауының үгіт-насихат кезеңінде қызыл аяқ қыр кешіп, жалаңаяқ жар кешіп, түрлі форматта, түрлі әлеуметтік орталарда қаншама ел-халықпен кездестік. Сырластық. Мұң-мұқтажын тыңдадық. Қаншама әлеуметтік қайшылықтармен бетпе бет келдік. Бәрі көңіл көзінде жазулы. Енді қос білекті түріп, іске кірісу керек. Ең бірінші осынау Парламент және мәслихаттар сайлауына белсене қатысып, саяси сынақта Nur Otan партиясына сенім білдірген баршаңызға Алланың көзі түзу болсын! Отбасыларыңызға амандық тілейміз!, - деп жазды ол.
Ол бүгін Nur Otan партиясы Саяси кеңесі Бюросының 12 қаңтардағы шешімімен 76 кандидаттан тұратын тізім бекітіліп, ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымының депутаттары ретінде тіркеу үшін Орталық сайлау комиссиясына жолданғанын айтты.
Жауапкершіліктің үлкен-кішісі жоқ, алайда бұл - қараша жұрттың елдік мұрат-мақсат жолындағы аса зор жауапкершілігі, сенімі. Сенімге селкеу түсірмеу керек! «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!». Халықтың алдынан осы бағдарламамен өттік. Бұл - бос уәде емес, Үкіметтің кезең-кезеңімен 2025 жылға дейін жүзеге асыруы тиіс міндеттер. Электорат осы әлеуметтік жобалардың жүзеге асуын мұқият қадағалайтынын ескерткен. Енді жаңа Мәжілістегі Nur Otan партиясы Фракциясының алдында сайлауалды бағдарламаның орындалуын жүйелі түрде бақылау және жаңа реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету міндеттері тұр. Барша әріптесіме осы жолда ең әуелі денсаулық, күш-жігер және табандылық тілеймін, - деп жазды Әшімжан.

Жанарбек Әшімжан фракция құрамы 70 пайызға жаңарғанын атап өтті.

Депутаттық корпусқа ұлттық құндылықтар мен рухани игіліктер жолында күресіп жүрген мәдениет пен өнердің, сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау, ҮЕҰ, БАҚ, сарапшылар қауымдастығы, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы секілді жетекші салалардың өкілдері енді. Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламент Мәжілісіндегі жастар мен әйелдердің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасы нақты іске асырылды. Яғни, Nur Otan Фракциясының жаңа құрамының 40%-ті әйелдер мен 35 жасқа дейінгі жастардан тұрады. Депутаттыққа кандидаттардың 7-уі бұрынғы мемлекеттік қызметкер, яғни Фракция құрамында олардың саны 10 пайыздан аспайды. Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетейік! Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының «Еститін мемлекет» концепциясы мен түрлі реформалардың қарқынды түрде жүзеге асуына бар күш-жігерімізді саламыз, - деп қорытындылады ол.
Еске салсақ, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 97-1 бабының 5-тармағына сәйкес Nur Otan партиясы Саяси кеңесі Бюросының 12 қаңтардағы шешімімен 76 кандидаттан тұратын тізім бекітіліп, ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымының депутаттары ретінде тіркеу үшін Орталық сайлау комиссиясына жолданды. Депутаттар тізімінде Нұрлан Нығматулин, Дариға Назарбаева бар.
Өзгелердің жаңалығы