Бұл ауруға қарсы нақты ем жоқ. Маман ата-аналарға үндеу жолдады

5 Сәуір 2023, 14:13
934
Бөлісу:
Бұл ауруға қарсы нақты ем жоқ. Маман ата-аналарға үндеу жолдады
Фото: Абай облысы ӨКҚ

Бұл туралы Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Абай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тоқтабаева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Абай облысында соңғы екі жылда қызылша ауруы тіркелмеген. 2023 жылы Абай облысы қызылшаның даму қаупі бойынша орташа тәуекел аймағында,- деп атап өтті ол. 

Елімізде ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, қызылшаға қарсы балалар 1 жасында, содан кейін 6 жасында егіледі. 2023 жылдың екі айында бір жастағы 1607 балаға қызылшаға қарсы екпе салынды, бұл 15,8 пайызды құрайды. Ревакцинация алған 6 жастағы балалардың саны - 1891, бұл 19,7 пайызды құрайды.

Вакцина алмаған немесе осы инфекциямен ауырмаған адамдардың иммунитеті қалыптаспайды. Құрметті ата-аналар, облыс тұрғындары, егер сіздердің балаларыңыз бен жақындарыңыздың қызылшаға қарсы екпесі болмаса, міндетті түрде алуға кеңес береміз. Өйткені бұл ауруға қарсы нақты ем жоқ. Ауру асқынған жағдайда өлім-жітімге дейін алып келуі мүмкін. Бүгінгі таңда еліміздің басқа аймақтарынан, сондай-ақ алыс-жақын шетелдерден инфекцияның таралу қаупі бар, - деді Тоқтабаева.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта әлемнің әр түрлі аймақтарында қызылшаның таралу қаупі бар. Өйткені COVID-19 қызылша вакцинациясымен қамтудың және ауруды бақылаудың төмендеуіне алып келген. 

2022 жылы әлемде қызылшаның 155,5 мың жағдайы тіркелді. 2023 жылдың басында Тәжікстан, Украина, Қырғызстан және Ресей секілді алыс-жақын шетелдерде қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайдың асқынуы байқалады. Ресейдің Новосибирск, Омбы облыстары мен Алтай өлкесінде көп аурушаңдық тіркелді, - деді А.Тоқтабаева. 

Ал Қазақстанда 2023 жылдың 31 наурызындағы жағдай бойынша қызылшаға күдікті 169 жағдай тіркеліп, оның ішінде 107-сі зертханада расталған. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 96 жағдай, жасөспірімдер арасында 1 жағдай және ересектер арасында 10 жағдай тіркелген. 

Ауру балалардың 70 пайызы қызылшаға қарсы егілмеген. 107 жағдайдың 69-ы Алматы қаласында тіркелген, 12-сі Түркия (5), Египет (4), Тәжікстан (2) және Қырғызстан (1) елдерінен келген, - деп сөзін қорытындылады ол.

Абай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары, ата-аналарды балаларына уақытылы вакцина салдырып, аурудың алдын алуға шақырды. 
 

Өзгелердің жаңалығы