Бүгін – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы

22 Наурыз 2023, 08:20
1269
Бөлісу:
Бүгін – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы
Фото: Жетісу облысы әкімдігінен

Қазақстандықтар Наурыз мерекесін тойлап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Наурыз – жыл басы әрі көктем мерекесі ретінде ертеден атап өтіліп келеді. Бұл мереке барша түркі халықтарына тән.

Наурыз мерекесінің пайда болуы мен тойлау дәстүріне байланысты түрлі мәліметтер мен болжамдар бар.

Дәстүрге сай бұл күні адамдар бір-бірін ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, игі тілектерін жаудырып, қонақжайлылық танытады.

Сонымен қатар Наурыз мейрамында бірқатар салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар жаңғыра түседі. Мерекенің тағы бір ерекшелігі осы күні реніші, өкпесі болған адамдар бір-бірін кешіріп, қайта қауышады.

Бұл мейрамда айтылатын тілектердің орны бөлек. Жұртшылық «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!», «Ақ мол болсын!», «Көңілде кір қалмасын», «Әз Наурыз құт-береке әкелсін» деп ағынан жарылып жатады.

Одан бөлек, мерекелік іс-шаралармен қатар ұлттық спорт және ойын-сауық ұйымдастырылады.

КСРО дәуірінде Наурыз мейрамын тойлауға тыйым салынды. 1991 жылы 15 наурызда Қазақ СССР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығы шығып, «Наурыздың 22-сі – халықтық мереке «Наурыз мейрамы» болып жарияланды.

Осылайша аталған мейрам елімізде 32 жыл бойы ресми түрде тойланып келеді. Айта кетсек, 2009 жылдан бастап Наурыз мекересі 3 күн бойы атап өтіледі.

Биыл Мәдениет және спорт министрлігі TikTok платформасымен бірлесіп Наурыз мейрамына орай онлайн-фестиваль өткізбек. Қосымшаны пайдаланушылар #Наурыз2023 хэштегімен ұлттық мейрам, оның ерекшеліктері мен әдет-ғұрыптары туралы видеороликтер түсіруі тиіс.

TikTok челленджге танымал контент-мейкерлер, музыканттар, аспаздар, саяхатшы блогерлер мен танымдық видео авторлары қатысып жатыр.

Сонымен қатар елордада Наурыз мерекесіне орай жүзден астам шара өтеді деп жоспарланып отыр. Қаланың 4 ауданында Наурыз мейрамы аталып өтетін 23 орын анықталды. Тұрғындар мен астана қонақтары концерттерге, мерекелік бағдарламаларға, қойылымдарға, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарға қатыса алады.

ҚазАқпараттың мәліметінше, 21-23 наурыз күндері елорданың барлық ауданда, соның ішінде қала маңындағы елді мекендерде «Наурыз Думан» мәдени-бұқаралық шаралары ұйымдастырылады.

Өзгелердің жаңалығы