27 қарашада Шымкент пен Түркістан қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдай болжанып отыр.
«Қазгидромет» мамандарының мәліметінше, желсіздік, тұман және ауа температурасының ерекшеліктері салдарынан зиянды заттар атмосфераның төменгі қабатында жиналуы мүмкін. Бұл елді мекендердегі ауа сапасының нашарлауына әкелуі ықтимал.
Осыған байланысты тұрғындарға ашық ауада ұзақ жүрмеу, әсіресе көлік көп жүретін жолдардың маңында серуендеуді шектеу ұсынылады.
Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуеннен бас тарту, ал тыныс алу және жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарға қажетті дәрілерін өзімен бірге алып жүру ескертілді.
Сондай-ақ мамандар ашық ауадағы физикалық жүктемені азайтып, спортпен жабық ғимараттарда айналысуға кеңес береді.