Бүгін республиканың басым бөлігінде жаңбыр жауады – Қазгидромет

17 Мамыр 2023, 06:22
726
Бөлісу:
Бүгін республиканың басым бөлігінде жаңбыр жауады – Қазгидромет
Фото: kaz.nur.kz

«Қазгидромет» РМК-сы мамырдың 17-сі күнгі ауа райына болжам жасады. Бүгін бірқатар өңірде жаңбыр жауып, екі облыста үсік жүреді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оңтүстік циклон және онымен байланысты атмосфералық фронталды бөлімдердің әсерінен Қазақстанның көп бөлігінде күн құбылып тұрады. Кей жерлерде найзағай ойнап жаңбыр жауады, оңтүстік-батыста, солтүстік-батыста, оңтүстікте қатты жаңбыр жауады.

Қазақстанның оңтүстік-батысында, солтүстік-батысында, оңтүстігінде және орталығында бұршақ жаууы ықтимал. Республикамыздың солтүстігінде, шығысында, оңтүстік-шығысында солтүстік-батыс антициклонның жотасы өз әсерін тигізіп, күн жауын-шашынсыз болады. Республика бойынша жел күшейеді, елдің солтүстігінде - тұман, солтүстік– батысында шаңды дауыл тұрады.

Ақтөбе облысының оңтүстігінде, таңертең және күндіз Алматы облысының оңтүстігінде және таулы аудандарында, күндіз Маңғыстау облысының солтүстік-батысында, оңтүстігінде, орталығында, түнде Қызылорда облысының солтүстігінде, орталығында қатты жаңбыр жауады.

Түнде Ақмола облысының солтүстік-шығысында топырақ бетінде 2 градус үсік жүреді. Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарының солтүстігінде, Шығыс Қазақстан облысының шығысында 2 градус үсік жүреді.

Қызылорда облысында, Түркістан облысының солтүстігінде және орталығында, Ақтөбе, Ұлытау облыстарының оңтүстігінде, Алматы облысының солтүстік-батысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Өзгелердің жаңалығы