Бүгін - Қазақстандағы әскери байланысшылардың кәсіби мерекесі

31 Қазан 2023, 16:33
672
Бөлісу:
Бүгін - Қазақстандағы әскери байланысшылардың кәсіби мерекесі
Фото: gov.kz

Еліміздің Қарулы күштеріндегі атаулы күндер мен мерекелердің ішінде әскери байланысшылар күні ерекше орын алады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, байланыс әскерлері жауынгерлік дайындықты ұйымдастыруды және Қарулы күштердің күнделікті қызметін қамтамасыз етеді.

Байланыс әскерлерінің техникалық жағынан жабдықталуы үнемі артып келеді. Автоматтандыру, байланыс құралдарының соңғы жүйелері және озық технологиялық әзірлемелер кез келген жағдайда байланысты қамтамасыз етудегі ең күрделі тапсырмаларды тиімді шешуге мүмкіндік береді.

Қазіргі заманғы техникалар сауатты басқаруды, яғни мұқият техникалық дайындық пен автоматизмге ұласқан дағдыларды қажет етеді. Әскери ортада "Байланыссыз басқару мүмкін емес" деп айтылуы заңдылыққа айналған.

Штабтар мен бөлімшелер арасындағы ақпарат алмасудың жылдамдығы мен сапасы, құрлықтағы, авиациялық және теңіз бөлімшелері іс-қимылдарының үйлесімділігі, сондай-ақ жауынгерлік құралдар мен қаруды тиімді қолдану тұрақты байланысқа қатысты.

Әскери байланысшылар өздерінің жоғары кәсібилігі мен шеберлігін "Батыл тойтарыс-2023", "Айбалта-2023" стратегиялық оқу-жаттығулары мен басқа да іс-шаралар барысында бірнеше рет дәлелдеген.

Қазақстанда байланыс офицерлерін Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында дайындайды. Орта буын мамандары Сағадат Нұрмағамбетов атындағы астаналық әскери колледжде білім алып шығады. Кіші деңгейдегі әскери-есептік мамандықтардың негізін мерзімді қызмет сарбаздары Алматы облысындағы байланыс әскерлерінің оқу орталығында игереді.

Әскери ғылымды дамытудың маңызды қадамы Ұлттық қорғаныс университетінің базасында Байланыс және ақпараттық қауіпсіздік кафедрасын құру болды. Бұл жерде келешекте байланыс саласындағы магистранттар мен докторанттар даярланатын болады.

Әскери байланыс жоғары білікті, өз ісі мен туған Отанына берілген байланыс әскерлерінің мамандарынан тұрады. Сол себепті оларға әскердің жауынгерлік дайындық жүйесінде зор жауапкершілік жүктелген.

Өзгелердің жаңалығы