Бүгін Мұстафа Шоқайдың өмірге келген күні

7 Қаңтар 2021, 10:43
2472
Бөлісу:
Бүгін Мұстафа Шоқайдың өмірге келген күні

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мұстафа Шоқай ескіше 1890 жылдың 25 желтоқсанында, жаңа күнтізбе бойынша 1891 жылдың 7 қаңтарында Түркістан өлкесіне қарасты Сырдария  округіндегі Наршоқы ауылында дүниеге келген. 

Сұлутөбе стансасындағы орыс мектебінде бастауыш білім алған Мұстафа 1902 жылы Ташкенттегі гимназияға түсіп, 1910 жылы оны үздік бітіріп шығады. 

Болашақ қайраткер 1910 жылы Санкт-Петербор университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1917 жылы бітіреді.

Мұстафа Шоқай студент шағынан қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, түркі-мұсылман студент жастарының қозғалысына қатысады. 

«Бірлік туы» газетінің негізін қалап, оның алғашқы редакторы болды. Түркістан өлкесіндегі жергілікті халық мүддесін қорғауды мақсат еткен қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметін үйлестіру үшін құрылған «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесіне» төрағалық етті. Бірінші жалпықазақ съезіне қатысып, Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды.

Ақпан төңкерісіне дейін Алаш көшбасшысы Ә.Бөкейханмен бірге Ресей Мемлекеттік Думасының мұсылман фракциясында хатшы қызметін атқарады. 1916 жылғы дүрбелең кезінде Түркістан  және жалпы қазақ жеріндегі бассыздықтарды әшкерелеп, Мемлекеттік думаға  арнайы құжатты мәліметтер ұсынады. Сөйтіп, осыған байланысты комиссия  құруға себепші болады. 1917 жылы төңкерістер тұсында мықты Түркістан мемлекетін құру идеясын ұстанады. 

Ташкентте «Бірлік туы» газетін ашады. Орынбордағы Алаш қайраткерлерімен тығыз байланыс ұстайды. Алаш партиясы  құрылатын бірінші жалпықазақ сиезінің де, Алаш автономиясы  жарияланатын екінші жалпықазақ сиезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысады. Алғашқы сиезде «Шора-и-ислам» жұмысына қатысатын 8 қазақ өкілінің бірі болып сайланады. Екінші сиезде Алашорда үкіметі - Ұлт кеңесіне Сырдария  атынан кіреді. 1917 жылы Жаңа Марғұланда өткен өлкелік мұсылмандар кеңесінде қайраткер Бүкілтүркістандық мұсылмандардың құрылтайын Қоқан қаласына шақыру туралы бастама көтереді. Қарашада Қоқанда Түркістан  жариялау шарасына бастан-аяқ қатысады.

Мұстафатанушы, ғалым Дархан Қыдырәлі Тәуелсіздік жылдарында Мұстафа Шоқайдың негізгі еңбектері, мазмұнды мақалалары мен жазбалары қазақ тіліне аударылып, оқырман қолына тигенін айтады.

Ол туралы біршама зерттеу еңбектері де жарық көрді. Осы орайда он жыл бойы Еуропада үзбей шығып келген «Яш Түркістан» журналының әрбір санын бүгінгі қазақ тіліне ыңғайлап, қайта басып шығарса – үлкен қызмет болар еді. Өйткені Мұстафа Шоқайдың басшылығымен шыққандықтан, журналда жарық көрген әрбір материал, мақала оның қарауынан өткен, яки тапсырмасымен жазылған дүние екені белгілі. Оның үстіне бұл басылым бетінде кеңестік кезеңнің 1929-1939 жылдардағы қанды қасап солақай саясатының боямасыз шындығын көруге болады.Шетелде қиын жағдайда өмір сүре жүріп Мұстафа Шоқай мұның бәріне қай уақытта және қалай үлгерді? Біздің ойымызша, мұның бір ғана жауабы болса керек. Ол – Түркістанның тұтастығы мен тәуелсіздігі идеясы! Бұғаулық қамытын киген елінің тағдыры еске түскенде ол тыным  тауып, тыныш ұйықтай алмады. Достары кейде біраз демалу керектігін ескерте қалса: «Демалу үшін алдымызда әлі шексіз өмір бар», деп жұмысын әрі қарай жалғастыра беретін. Оның еңбегі еш кетпеді, өзі дүниеден өткен 1941 жылдың желтоқсанынан тура елу жылдан кейін елі тәуелсіздік алды, ал 130 жылдығы қарсаңында түгел түркінің төрі болған Түркістан қайта түлеп, тамырлас жұрттардың ынтымағы артып, жұдырықтай жұмыла түсті, - дейді Дархан Қыдырәлі. 

Өмірінің соңғы жылдары Шоқай Түркия арқылы  алғаш Германияға, сонан соң Францияға барып орнығады. Эмиграцияда «Жаңа Түркістан», «Жас Түркістан» журналдарын шығарып, кеңестің озбыр саясаты туралы зерттеулер жазады. Қайраткер 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлинде жұмбақ жағдайда қайтыс болады.

Өзгелердің жаңалығы