Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні

4 Маусым 2023, 07:55
1239
Бөлісу:
Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні
Фото: qazaqstan.tv

2007 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» деп аталатын Конституциялық заң қабылданды. Содан бері 4 маусым елімізде Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.

Мемлекеттік рәміздердің — кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамас атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік рәміздер — Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба (герб) және Мемлекеттік гимн немесе әнұран. Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және алғашқы Мемлекеттік гимн 1992 жылы бекітілді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы

Ортасында шұғылалы Күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тікбұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Ту авторы — Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Қазақстанның Мемлекеттік елтаңбасы

дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала Күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі бар. Жоғарғы бөлігінде бесбұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, «Қазақстан» деген жазу алтын түстес. Елтаңба авторлары — белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. 2018 жылы елтаңбадағы «Қазақстан» сөзі латын графикасы QAZAQSTAN деп жазылып, оған жаңа түс берілді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні

бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған. Қазақстанның жаңа гимні Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда бекітіліп, 5 күннен соң Президентті салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.

Әннің авторы — Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар — Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы гимні музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди еді. Сөзін Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаевалар жазды.

Өзгелердің жаңалығы