«Қазгидромет» РМК бүгін, 20 сәуірде еліміздің он қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) болжанып отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Синоптиктердің дерегіне сәйкес, ҚМЖ Астана, Алматы, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Риддер, Семей, Талдықорған, Теміртау және Өскемен қалаларында күтіледі.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлар желдің әлсіздігі, тұман және ауа инверсиясы сияқты факторлардың әсерінен қалыптасады. Соның салдарынан атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттар жиналып, ауа сапасы нашарлауы мүмкін.
Қолайсыз метеожағдайлар кезінде тұрғындарға ашық ауада ұзақ уақыт болмау, әсіресе жол бойында серуендеуді шектеу ұсынылады. Сондай-ақ балаларға, жүкті әйелдерге және созылмалы аурулары бар адамдарға сақтық шараларын күшейту қажет.
Мамандар мұндай күндері ашық ауадағы физикалық белсенділікті азайтып, спортпен жабық ғимараттарда айналысуды ұсынады.