Аймағамбетов: ҰБТ – өмірдегі ең жеңіл емтихан

25 Мамыр 2020, 13:41
2830
Бөлісу:
Аймағамбетов: ҰБТ – өмірдегі ең жеңіл емтихан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов түлектерді ұлттық бірыңғай тестілеуден қорықпауға шақырды. 

Жақында басым көпшілігіңіз ҰБТ тапсырасыздар. Одан қорқудың ешқандай қажеті жоқ Бұл - тек қана жай сынақ. Оның үстіне бұл өмірлеріңіздегі ең жеңіл емтиханның бірі. "Айналадағы адамдар қолыңнан ештеңе келмейді" десе де табандылық пен сабырлық, күнделікті қажырлы еңбек пен алға қойған мақсаттарыңыз белгілі бір нәтиже әкелетіндігін естен шығармау керек, - дейді Асхат Аймағамбетов.
Ол нәтиже өз бетімен келмейтінін әрі қателікпен қатар жүретінін айтты. 
Кішкентай кезімізден бізді "қателік жасау дұрыс емес, кешірімсіз" деп сендірген. Мектеп қабырғасынан бастап қателік жасамау біздің санамызға құйып келді. Табысты адам ешқашан қателеспейді деген қате ұғым екенін айтқым келеді. Алайда, бәрі қателік жасайды. Бастысы - одан сабақ алып, тәжірибе жинақтау. Қателік жасап, бәрін қайта бастаудан қорықпау қажет, - деді министр. 

Ведомство басшысы биылғы жас түлектер Қазақстанның ғана емес әлем тарихындағы ерекше түлектер екендігін баса айтты.
Биылғы түлектер жақсы тәжірибе жинақтап, ой түйіп, әлемді жақсартуға үлес қосады деп сенемін. Елге пайдасы тиетін жаңалық ашып, толағай табысқа жетеді деп үміттенемін. Сіздер тамаша кезеңде өмір сүріп жатырсыздар. Қазіргі кезең армандайтын, батыл шешімдер қабылдайтын уақыт. Белгісіздіктер мен өзгерістердің уақытында сіздердің басты құндылықтарыңыз адалдық, әділдік, махаббат, қарапайымдылық пен батылдық болуы керек. Сәттілік серік болсын! Армандарыңызға қол жеткізіп, өмір құндылықтарын естен шығармаңыздар!, - деді Асхат Аймағамбетов.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Асхат Аймағамбетов мектеп бітіргеннен кейін бірден университетке түсе алмайтын түлектер туралы айтты.
Өзгелердің жаңалығы