- Мұқаба
- Жаңалықтар
- БРИКС, БАӘ және транзит: Қазақстан экономикалық мүмкіндіктерін қалай кеңейтуде
БРИКС, БАӘ және транзит: Қазақстан экономикалық мүмкіндіктерін қалай кеңейтуде
13 Қыркүйек 2026, 20:59
Қазақстанның Нью-Делиде өткен БРИКС+ саммитіне қатысуы Астананың бұл алаңды белгілі бір геосаяси орталықты таңдаудың құралы ретінде емес, ұлттық мүдделерді ілгерілетудің қосымша тетігі ретінде қарастыратынын көрсетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС-ті практикалық ынтымақтастыққа ашық платформа деп атап, оның халықаралық бөлшектенуді еңсеру, сауда-саттықты, көлік байланысын және технологияларды дамыту тұрғысындағы әлеуетіне тоқталды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы АҚШ пен БАӘ өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді. Әмірліктер тарапымен энергетика, көлік және логистика, IT және ауыл шаруашылығы салаларындағы жобалар талқыланды. Бұл бағыттар Қазақстанның инвестиция тарту, Каспий бағытын дамыту және транзиттік әлеуетін нығайту міндеттерімен тікелей байланысты.
БРИКС+ форматына қатысу Қазақстанның көпвекторлы саясатымен қалай үйлеседі, неліктен БАӘ-мен ынтымақтастықтың маңызы артып келеді және Транскаспий бағыты үшін қандай мүмкіндіктер ашылады? Бұл туралы Қазақстанның Дүниежүзілік экономика және саясат институтының сарапшысы Лидия Пархомчик айтып берді.
– Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте: «Біздің өзгермейтін қағидатымыз – әрбір күрделі мәселе бойынша ортақ тұстарды іздеу» деп атап, бұл ұстанымды Қазақстанның теңгерімді сыртқы саясатының көрінісі ретінде атады. БРИКС серіктес елінің мәртебесі Қазақстанның көпвекторлы моделіне қаншалықты сәйкес келеді және бұл елге қандай практикалық артықшылық береді?
– Қазақстанның БРИКС секілді көпжақты құрылымның жұмысына қатысуы елдің сыртқы саяси бағыты қағидаттарының тұрақтылығын көрсетеді. Бұл жерде Қазақстанның сенімді, достық және экономикалық тұрғыдан тартымды серіктес ретіндегі ұстанымы туралы айтып отырмыз.
Президент Тоқаевтың БРИКС+ форматындағы қатысуы Астананың қазіргі халықаралық жағдайға деген көзқарасын тағы бір мәрте көрсетті. Қарсыластық риторикадан туындаған бөлінудің тереңдеуі жаһандық экономика мен халықаралық саясаттың одан әрі дамуын қиындатып отыр.
Серіктес ел мәртебесі Қазақстанға осы алаңды стратегиялық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын ашу үшін пайдалануға мүмкіндік береді. БРИКС-ке қатысушылардың барлығымен Қазақстанның экономикалық байланыстары қалыптасқан. Сондықтан ендігі міндет – дәл осы формат аясында жаңа даму мүмкіндіктерін беретін ортақ мүдделерді табу.
Негізінен, бұл – экономикалық әртараптандыру мен саяси көпвекторлылықтың тағы бір бағыты. Қазақстан дәстүрлі серіктестіктерінен бас тартпай, қосымша мүмкіндіктерге ие болады.
Осы тұрғыдан алғанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы көпвекторлылық логикасына толық сәйкес келеді. Халықаралық форматтар белгілі бір бағытты таңдау үшін емес, елдің экономикалық және саяси мүмкіндіктерін кеңейту үшін пайдаланылады.
– БРИКС саммиті Қазақстан үшін тек көпжақты алаң ғана болған жоқ. Саммит аясында Президент Тоқаев АҚШ және БАӘ өкілдерімен жеке кездесулер өткізді. Мұндай үйлесімді қаншалықты маңызды деп бағалауға болады және оны көпвекторлы дипломатияның практикалық көрінісі деуге бола ма?
– Саммит аясында БРИКС құрамына кірмейтін АҚШ өкілімен және БАӘ басшылығымен байланыстардың орнатылуы өте маңызды.
Бұл Қазақстанның блоктық ойлау жүйесіне көшпейтінін және дәстүрлі серіктестерінен автоматты түрде алшақтамайтынын көрсетеді. Керісінше, ел әртүрлі халықаралық мүмкіндіктерді қолданыстағы экономикалық әлеуетті арттыру үшін пайдаланып отыр.
Көпвекторлылықтың практикалық мәні де осында. Халықаралық алаң бір мезгілде БРИКС мемлекеттерімен жұмыс істеуге және жекелеген екіжақты бағыттарды ілгерілетуге мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі сапары осы тәсілдің практикалық сипатын жақсы көрсетеді. Саммит мақсат емес, әртүрлі серіктестермен қарым-қатынасты қатар дамытуға және Қазақстанның нақты экономикалық мүдделерін ілгерілетуге мүмкіндік беретін құрал ретінде пайдаланылуда.
Сонымен бірге экономикалық база қазірдің өзінде айтарлықтай. Қазақстанның БРИКС мүшелері мен серіктестерімен тауар айналымы 2025 жылы шамамен 72 млрд долларға жетті. Әсіресе жаңа саяси байланыстар сауда және инвестициялық жобалармен жалғасын тапса, бұл көрсеткіштің әлеуеті әлі де жоғары.
– БАӘ-мен кездесуде энергетика, көлік және логистика, IT және ауыл шаруашылығы салаларындағы жобалар талқыланды. Қазақстан үшін жоғары деңгейдегі саяси байланыстардың нақты инвестициялық жобалармен жалғасуы қаншалықты маңызды?
– Бұл Қазақстан үшін аса маңызды, өйткені БАӘ-мен қарым-қатынас біртіндеп саяси диалогтан неғұрлым институционалданған экономикалық модельге ауысып келеді.
Әмірліктер қазірдің өзінде Қазақстан экономикасына инвестиция салатын маңызды елдердің бірі. Соңғы бір жылда бұл көрсеткіш шамамен 1,6 млрд долларды құрады. Алайда өзара сауда көлемі инвестициялық әлеуетпен салыстырғанда әлі де төмен. Сондықтан оны одан әрі арттыру тек тауар жеткізілімдерін көбейтуді емес, бірлескен жобалардың ауқымын кеңейтуді де талап етеді.
Ең алдымен, бұл көлік және логистика, энергетика, экономиканың цифрлық құрамдас бөлігі және ауыл шаруашылығы салаларына қатысты. Қазақстан үшін Әмірліктердің инвестициялық әлеуетін ел аумағындағы жобаларды жүзеге асыруға пайдалану аса маңызды.
Тиісті институционалдық база да қалыптасып келеді. 2025 жылы Еуразиялық экономикалық комиссия мен БАӘ үкіметі арасында сауда байланыстарын нығайтуға бағытталған келісім жасалды. Бірқатар тауарларға, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдеріне баж салығын төмендету өзара саудаға қосымша серпін беруі мүмкін.
Сонымен қатар Қазақстан мен БАӘ арасында қызмет көрсету және инвестициялар саласындағы шарттық база да дамып келеді. Бұл экономикалық байланыстарды жүйелі сипатқа айналдырып отыр.
Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абу-Даби мұрагер ханзадасымен кездесуі Әмірліктермен инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған қалыптасқан саясаттың жалғасы ретінде маңызды. Жоғары деңгейдегі саяси диалог нақты жобалармен жалғасуда. Ал оның практикалық нәтижесі Қазақстанға жаңа инвестициялардың келуімен, инфрақұрылымдық және энергетикалық жобалардың жүзеге асуымен өлшенеді.
– Көлік мәселесі Тоқаевтың сөзінде негізгі тақырыптардың біріне айналды. Қазақстан транзит көлемін жылына шамамен 40 млн тоннадан 100 млн тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр және Транскаспий маршрутын, «Бір белдеу – бір жол» бастамасын және «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін өзара байланыстыруды ұсынады. БРИКС елдерімен және БАӘ-мен ынтымақтастық Қазақстанның транзиттік рөлін күшейтіп, инфрақұрылымға қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік бере ала ма?
– Қазір логистика мен транзит Қазақстан үшін маңызды өсім драйверлерінің біріне айналып отыр. Бұл тұрғыда БАӘ тек инвестиция көзі ретінде ғана емес, сонымен қатар айтарлықтай инфрақұрылымдық және операторлық мүмкіндіктерге ие серіктес ретінде қызығушылық тудырады.
Қазақстанның Каспийдегі логистикасы қазірдің өзінде AD Ports Group компаниясымен ынтымақтастықпен тығыз байланысты. Сонымен қатар Әмірлік қорлары мен инфрақұрылымдық операторлардың көлік, энергетика және технологиялық жобаларға инвестиция салуына жағдай жасау бойынша жұмыс жүргізілуде. Яғни бұл ынтымақтастықты нөлден бастау емес, қалыптасқан жобалар портфелін кеңейту туралы сөз.
Қазақстан жүк ағындары саяси қайшылықтарға тәуелді болмауы керек деген ұстанымда. Олар экономикалық тұрғыдан тиімді әрі бәсекеге қабілетті бағыттар арқылы жүруі тиіс.
Мұндай тәсілдің жақсы мысалы – Транскаспий халықаралық көлік бағыты. Бастапқыда ол негізінен Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркияның бастамасы ретінде дамыды. Қазір оған Қытай мен Еуропа елдерінің қызығушылығы артып келеді.
Келесі маңызды кезең Таяу Шығыс елдерінің маршрутқа белсендірек қосылуы болуы мүмкін. Бұған дейін бұл бағыт олар үшін салыстырмалы түрде аз өзекті болса, қазіргі геосаяси және әскери тәуекелдер балама логистиканың құндылығын арттырып отыр.
Жекелеген бағыттар қосымша шығынды талап етсе де, бірнеше тұрақты балама маршруттың болуы бір бағытқа толық тәуелді болғаннан әлдеқайда тиімді.
Сондықтан Транскаспий бағытын дамыту Қазақстанға өзінің транзиттік рөлін нығайтып қана қоймай, Таяу Шығыс, Еуропа және Азия елдеріндегі серіктестерге бәсекеге қабілетті логистикалық мүмкіндіктер ұсынуға жол ашады.
– Президент Тоқаев БРИКС-ті «практикалық ынтымақтастық үшін ашық платформа» деп атап, сонымен бірге орта державалардың халықаралық аренадағы рөлін күшейтуді қолдайтынын айтты. Қазіргі сапар Қазақстанның мұндай алаңдарды тек саяси диалог үшін емес, өзінің экономикалық және халықаралық бастамаларын ілгерілету үшін пайдалана алатынын қаншалықты көрсетеді?
– Қазақстанның осындай беделді халықаралық форумдарға қатысуын сыртқы экономикалық үйлестіру тетігі ретінде қарастыруға болады.
Бұл тек ірі өңірлік державалар арасында тепе-теңдік сақтау туралы емес. Ең алдымен, өз экономикалық және саяси бастамаларын жүзеге асыру үшін мүмкіндіктер іздеу мәселесі тұр. Қазақстан халықаралық форматтарды ұлттық мүдделеріне сай келетін бағыттарды ілгерілету үшін пайдалануға ұмтылады.
Қазіргі сапар мұны айқын көрсетіп отыр. Қазақстан БРИКС+ жұмысына қатысады, БАӘ-мен инвестициялық күн тәртібін дамытады, АҚШ-пен диалогты қолдайды және сонымен бірге халықаралық ынтымақтастыққа қатысты өзінің ұстанымдарын ілгерілетеді.
Орта державалардың рөлін арттыру тұжырымдамасының да маңызы ерекше. Президент Тоқаев мұндай мемлекеттердің жиынтығында халықаралық күн тәртібіне, оның ішінде саяси және экономикалық мәселелерге белсендірек қатыса алатыны туралы идеяны дәйекті түрде алға тартып келеді.
Қазақстан үшін бұл тұжырымдаманың практикалық мәні бар. Орта державалар жаңа сауда байланыстарын, көлік бағыттарын, инвестициялық жобалар мен халықаралық бастамаларды қалыптастыруға белсендірек қатыса алады.
Осы тұрғыдан алғанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәсілі көпвекторлылықты сыртқы саясаттың жалпы қағидатынан ұлттық мүдделерді ілгерілетудің практикалық құралына біртіндеп айналдыруға мүмкіндік береді. Қазақстан түрлі күш орталықтарымен қарым-қатынасты саяси тепе-теңдікті сақтау үшін ғана емес, сауданы кеңейту, инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту және өзінің бастамаларын ілгерілету үшін де пайдаланып отыр.
Бұл модельде БРИКС басқа бағыттарға балама емес, Қазақстанның экономикалық кеңістігін кеңейтудің тағы бір мүмкіндігіне айналады.
Ең оқылған:
- Денсаулық сақтау министрі қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берді
- Астанада бойжеткен 15-қабаттан құлап, бүлдіршіннің үстіне түсті: екеуі де қаза тапты
- Иран мен Оман Ормуз бұғазы бойынша келісімге келді
- Тоқаев АҚШ Президентінің арнайы өкілі Серджио Гормен кездесті
- Ормуз бұғазындағы жағдай: АҚШ 100 сауда кемесінің бағытын өзгертті