Браконьерлер өз әрекеттері үшін жауап берді

1 Қараша 2019, 20:43
2606
Бөлісу:
Браконьерлер өз әрекеттері үшін жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны белгілі (ҚР ҚК 335-бабы). Алайда Павлодар облысының кейбір тұрғындары заңсыз аулаудың  салдарының маңыздылығын түсіне қоймайды.

Сөйтіп, Тереңкөл ауданы прокуратурасының мұқият қадағалауымен браконьерлік фактісі бойынша екі адамға қатысты іс аяқталып, сотқа жіберілді.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында а.ж. 11 маусымында Павлодар қаласының тұрғыны мен Тереңкөл ауылының тұрғыны бірігіп, Ынталы ауылының маңындағы Ертіс өзенінің жайылмасында салмағы 4 кг астам 23 дарақ сүйрікті (қызыл балық) заңсыз аулағаны үшін 1 млн. теңгеден астам сомаға елеулі материалдық зиян келтіргені анықталды.  

Күшіне енген сот үкімімен Павлодар облысының екі тұрғыны балық ресурстарын заңсыз аулағаны үшін (ҚР ҚК 335-бабы 3-бөлігі 1, 2, 4, 5-тармақтары бойынша) 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына қоса, 1 жыл 6 ай мерзімге балық аулау құқығынан айыру тағайындалды.

Сонымен қатар олардан 1 млн. теңгеден астам материалдық залал өндіріліп, сотталғандарға қатысты барлық жаза мерзіміне пробациялық бақылау орнатылды.

Сондай-ақ Ақтоғай ауданы прокуратурасының бастамасымен полиция органдарымен бірлесіп, профилактикалық іс-шаралар жоспары аясында браконьерлік фактілердің жолын кесу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізілуде.

Павлодар қаласы тұрғынының жайылмада заңсыз балық аулауы кезекті анықталған факті болды.

Леска торларымен және екі резеңке қайықпен қаруланған қала тұрғыны Исантерек ауылының маңында ерекше қорғалатын табиғи аумақта орналасқан көлге келген.

Балық аулағаннан кейін, ол ауланған 6 қап балықты шанағы бар мотоциклге салып, ауыл жағына қарай әкеткен.

Алайда оны полиция қызметкерлері бұлтартпас айғақпен ұстады.

Қадағалау органының жұмысының арқасында осы қылмысты анықтаудың басында мемлекетке келтірілген үш жүз мың теңгеге жуық шығын тергеу сатысында өтелген болатын.

Сот прокуратураның өтініші бойынша алынған аулау және тасымалдау құралдарын жоюды шешті.

Сотталушының өзі шығынның орнын толтырғанын және жас балаларының болуы ескеріле отырып, қоғамдық жұмыстарға сотталды.

Өткен жылы Павлодар облысы бойынша балық ресурстарын заңсыз аулау фактісіне қатысты 12 құқық бұзушылық тіркеліп, оның 5-і бойынша сот үкімі шығарылды.

Ағымдағы жылдың 9 айында 8 қылмыстық іс тіркеліп, оның 6-ы сотқа жіберілді.

Жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне, сондай-ақ жалпы экологияға браконьерлік айтарлықтай зиян келтіреді.

Осы санаттағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шегінде прокурорлар тұрақты негізде заңсыз балық аулауға тыйым салатын нормаларды халыққа жеткізеді.

Өзгелердің жаңалығы