Батыс Қазақстан облысында патрульдік полиция қызметкерлері толғағы басталған жүкті әйелдің перзентханаға жедел жетуіне көмектесті.
Polisia.kz-тің мәліметінше, оқиға 2 қыркүйек күні таңғы сағат 06:30 шамасында Подстепное ауылының маңында болған. Патрульдік полиция инспекторлары Рысбек Ағзамов пен Ринат Бигалиевке көлік жүргізушісі жүгініп, толғағы басталған жұбайын ауруханаға алып бара жатқанын айтқан.
Полицейлер жағдайды бағалап, ерлі-зайыпты отырған көлікке жол бастап, перзентханаға дейін алып барған. Нәтижесінде әйел медициналық мекемеге уақытында жеткізіліп, көп ұзамай аман-есен сәбиін дүниеге әкелді.
Кейін нәрестенің әкесі полиция қызметкерлеріне алғыс хат жолдады.
«Сол сәтте әр минуттың маңызы зор болды. Полиция қызметкерлері жағдайды бірден түсініп, бізге көмек көрсетті. Олардың жедел әрекетінің арқасында ауруханаға уақытында жеттік. Кәсібилігі мен адамгершілігі үшін зор алғысымызды білдіреміз», – делінген хатта.