БҚО-да микроқаржы ұйымын тонаған азамат қолға түсті

7 Маусым 2023, 02:40
786
Бөлісу:
БҚО-да микроқаржы ұйымын тонаған азамат қолға түсті
Фото: polisia.kz

БҚО полицейлері микроқаржы ұйымдарының бірін тонаған азаматты “ізін суытпай” ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Орал қаласының 39 жастағы тұрғыны халыққа ақшалай қарыз беретін микроқаржы ұйымдарының бірін тонап кеткен.

1 маусым күні Орал қаласы микроқаржы ұйымдарының бірінің кассирі полиция департаментінің кезекші бөліміне қоңырау шалып, сағат 15:36-да үстіне камбинезон киген белгісіз ер адам кеңсеге баса-көктеп кіріп, тапанша тәрізді затпен қорқытып, оған кассада бар ақшаны беруді талап еткендігін айтты. Қорыққанынан кассир оған ақшасын берген, содан кейін шабуылдаушы оқиға орнынан қашып кеткен. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде БҚО ПД полиция қызметкерлерімен жедел іздестіру жұмыстары жүргізіліп, қылмысқа барған азамат анықталып, ұсталды. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 192-бабы 1-бөлігі (Қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Осы баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді, – деп оқиғаның егжей-тегжейін хабарлады БҚО полиция департаменті.

Ұсталған адам Орал қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Мән-жайларды анықтау барысында аталған Б. есімді азамат бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Ол кассирді қорқытқан зат, яғни мылтық ойыншық болып шықты.

Күдіктінің айтуынша, ол бұл қылмысты жасауға қарыздарынан құтылу үшін барған.

Өзгелердің жаңалығы