Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданындағы Жақсыбай ауылында 209-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымының жаңа бекеті пайдалануға берілді. Жаңа нысан Жақсыбай және Ақадыр ауылдарында тұратын 930-дан астам тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Елдос Батталов, Жәнібек аудандық мәслихатының төрағасы Тахир Кадимов, бөлімше қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Өрт сөндіру бекеті жергілікті бюджет есебінен жөнделіп, қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ғимарат тәулік бойы жұмыс істеуге толық бейімделген. Онда өрт сөндіру техникасына арналған бокс, диспетчерлік, қызметтік және тұрмыстық бөлмелер, демалыс бөлмесі мен асүй қарастырылған.
Құралым арнайы техникамен, байланыс құралдарымен және өрт сөндірушілердің арнайы киімдерімен толық жабдықталған. Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшеге өрт сөндіру автоцистернасын, төрт жауынгерлік киім жиынтығын және радиостанция табыстады.
Жаңа өрт сөндіру бекетінің іске қосылуы төтенше жағдайларға жедел ден қою уақытын қысқартып, ауылдық елді мекендерде табиғи және дала өрттерінің алдын алу мен оларды сөндіру жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.