Биыл бородулихалық 36 кәсіпкер жаңа бизнес жобаларды іске асырды

2 Қазан 2020, 16:26
1513
Бөлісу:
Биыл бородулихалық 36 кәсіпкер жаңа бизнес жобаларды іске асырды
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл мемлекет тарапынан қолдауға ие болған 36 бородулихалық грантқа қол жеткізіп, жаңа бизнес идеяларын жүзеге асырды.

Облыста «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы бизнес-жобаларға грант беру жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтсақ, биыл Бородулихада мемлекеттік грантқа 36 тұрғын қол жеткізсе, оларды11-і көпбалалы, ал 5-і жағдайы төмен отбасылардың мүшелері.

Қарастырылған қаражаттың басым бөлігі қосалқы шаруашылықтардың жұмысын дамытуға бағытталған. Мысалы, осы сияқты грантқа ие болған Рамазан мен Гүлнара Тортаевтар отбасы аудан орталығында жылыжай құрылысын бастап кеткен.


Жылыжай салуды бастапқыда өзіміздің қаржымызға бастаған едік. Біраздан соң «Бастау Бизнес» бағдарламасының гранттары туралы ақпаратты естідік. Күйеуім қысқа мерзімді оқыту курсынан өткен соң, өзіміздің бизнес-идеямызды қорғап, грант алуға өтініш беріп көрейік деп шештік. Ойымыз жүзеге асып, 555 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа қол жеткіздік. Осы қаражатқа жылыжай салуға керек материалдар сатып алдық, - деді Гүлнара Тортаева.

Бүгінгі таңда жылыжайдың ішкі жағының темір корпусы тұрғызылған. Біраздан соң ішінен кірпіш қаланып, шатырын мөлдір поликарбонатпен жабылатын болады. Сонан соң кіреберіс жағы жөнделеді.

Құрылыс жұмыстары тәмамдалғаннан кейін, жылыжай ішіне сөре орнату, тұқым отырғызу жұмыстарын бастаймыз. Әзірге дәмтатымдық көкөністерді отырғызуды ойластырудамыз. Құрылыс жұмыстарының біразын өзіміз, шамамыз келмейтін жерлерін құрылысшыларды жалдап істетеміз, – дейді Гүлнара Тортаева.

Жылыжай нысанының көп бөлігі жерді қазып орналастырылғандықтан қыс кезінде де жұмысын жалғастыра береді. Күннің жарығы поликарбонатпен қапталған шатырдан түсетіндіктен, жылу жақсы сақталып, жылыту көздерін көп керек етпейді. Сондықтан онда барлық көкөніс түрін өсіре беруге болады. Мұнда жыл он екі ай бір деңгейдегі микроклиматтық жағдай сақталып тұратындықтан, құрылыс жұмыстарына кететін шығын аз. Сол себепті аталған отбасы қыс маусымында қолдануға келетін жылыжай салуды ұйғарған екен. Оның үстіне жазда ауыл тұрғындары көкөністі өз бақшаларында егеді, сондықтан оны өсірудің қажеттілігі шамалы.

Жылыжай ішіне су құбырларын енгіздік. Көкөніс өсіруде тамшылатып суару әдісін қолданып, пеш арқылы ішін жылытамыз. Қысқа қарай құрылыс жұмыстары толық аяқталып, жаңа жыл қарсаңында алғашқы түсімді аламыз деп жоспарлаудамыз. Бастапқыда дәмтатымдық өсімдіктер өсіріп, кейінірек көкөністің басқа да түрлерін отырғызамыз деп ойлаймын, – деп қосты Гүлнар Тортаева.

Өзгелердің жаңалығы