Үй қызметшісі болып келіп, тонаушылықпен айналысқан әйел ұсталды

12 Маусым 2020, 19:44
1408
Бөлісу:
Үй қызметшісі болып келіп, тонаушылықпен айналысқан әйел ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Полиция қызметкерлері бір тәулік ішінде “үй ұрысын” анықтады. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Кербұлақ аудандық полиция бөліміне Қоғалы ауылының 67 жастағы тұрғыны 350 мың теңге көлеміндегі ақшасын ұрылар үйінің терезесінен кіріп, ұрлап кеткені туралы арызданған. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігі 3-тармағы (тұрғын үй-жайға заңсыз кiрумен жасалған ұрлық) бойынша  тіркелді.

Ұсталған Ескелді ауданының 37 жастағы тұрғыны 2004 жылы осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін екі жылға бас бостандығынан айырылған. Күдікті ұрланған ақшаға ауыл дүкендерінің бірінен әмиян мен көзілдірік сатып алу кезінде ұсталды. Жеке тексеру қорытындысына сәйкес күдіктіден қолды болған ақшаның жартысы алынды. Әйелдің қалған сомманы қайда жұмсағанын тергеу амалдары анықтап жатыр, – деп хабарлады Кербұлақ аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Әлішер Каптағаев.

Үй иелерінің қонақ бөлмедегі сандықта көп ақша сақтайтынын екі күн бойы үй қызметшісі болып жұмыс істеген әйелдің кездейсоқ білгені анықталды. Ұрлық жасауға бел буған ол, түнгі 03.00 шамасында терезе арқылы ақшаны алып, жасырынған. Қолды болған ақшаның заңды иесі полицейлерге кәсіби шеберлігі мен жеделдігі үшін алғыс білдірді.

Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынды.

Өзгелердің жаңалығы