«Болмаған балалық шақ» жайлы білесіз бе?

25 Наурыз 2023, 11:35
5491
Бөлісу:
«Болмаған балалық шақ» жайлы білесіз бе?
Фото: Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры

Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Болмаған балалық шақ» спектаклінің премьерасы өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақын Ақберен Елгезектің 21 ғасырдың үздік прозалары қатарына енген  туындысы балалар мен жасөспірімдер театрының репертуарын толықтырды. 

Автор балалық шағына сапар шектіретін шығарма шынайылықпен, өмірде болған оқиға желісіне негізделіп жазылған. Жұмыр басты пенденің ең бақытты шағы – балалық кезең екені даусыз. Ал, болмаған балалық шақтың қандай болатынын көп  адам түсініп, түйсіне бермейді. Әкеден жастай айырып, бауырына жоқтау айтып, анасынан тірідей жетім қалған бақытсыздың басынан кешкендері тағдырдың қиын да қилы тармақтарының бар екендігіне шүбәсіз сендіреді. 

«Болмаған балалық шақ» жайлы білесіз бе?

Кездескеннің кемсең қағып күлімдеуін аңсайтын алғыр баланың алаңсыз бал балалығының болмауы жүректі шаншиды. Ол автор ғана сезінген сезім, ол Ақберен ғана көрген тағдыр, ол жетім ғана жылаған кезең, ол боз бала ғана бақытсыз болған сәт. Қойылымды қарап отырып, автор шынайылығы мен жазу шеберлігін мойындау керек. Қарап отырып жылайсың, жылап отырып күлесің. Сапалы әрі сауатты қойылған. Оқырманның жүрегіне жедел жол табуының мәні де автордың сезінген сезімдерімен жазылғанында болса керек-ті, - дейді театр танушы Зура Исламбаева. 

«Болмаған балалық шақ» жайлы білесіз бе?

Әрбір спектаклге үлкен махаббатпен, асқан дайындықпен келетін Фархад Молдағалидің кезекті қойылымы сәтті шықты деуге толықтай негіз бар. Фархад қойылым дүниеге келместен бұрын автор мен  шығармашылық ұжым арасында кездесу жасаған. Шығарма авторы Ақберен Елгезек кітапта жазылмаған жолдарды, сезілмеген сезімдер мен айтылмаған сәттермен бөліскен. Болашақ кейіпкеріне өзек, сахнада өмір сүруіне негіз іздеген әрбір актер сомдайтын кейіпкеріне қатысты сұрақтарына жауап алған. Бұл режиссердің жұмысына деген адалдығы мен жауапкершілігін көрсетеді. Ақберен өз сөзінде шығармасының сахнаға сұранып тұрғанын ойламағанын және  режиссерге толық еркіндік беретінін атап өтіп, ұжымға сәттілік тіледі. 

Спектакльдың алғашқы күні адам қарасы көп болды. Әрбір премьера аншлагпен өтетін театрға бұл таңсық емес. Дегенмен, бұл жолғы атмосфера ерекше болды. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық  балалар мен жасөспірімдер театрының фойесінде жазушының кітаптары мен түрлі ашық хаттардан тұратын кішігірім жәрмеңке ұйымдастырылды. 

«Болмаған балалық шақ» жайлы білесіз бе?

Көрермендерге автормен кездесіп, жүрек жарды тілегін жаздырып, автограф алуға мүмкіндік туды. Қойылым көркем қойылуымен, бала көңілдей таза болуымен ерекшеленді. Спектакль аяқталған соң әрбір көрермен санасына түрлі сұрақтарды арқалар, сан сезімдермен қайтты. Көп адамның  жасына ерік беруі залда отырған әрбір адамға аян. Шығармашылық ұжым көрерменнің шексіз қошметіне мен құрметіне бөленді, - дейді Айдан Кенжебек есімді көрермен. 

Автор режиссер Ф.Молдағалидың қойылымы шығарманың өзінен асып түсіп, ерекше әсерге бөлегенін айтып, алғысын білдірді. Сонымен қатар, қойылымнан түскен қаражат жетім балаларға жұмсалатынын мәлімдеді.

Түрлі сезімді сезіндірген өнер ошағына, асқан шеберлікпен өнер көрсеткен шығармашылық ұжымға тек сәттілік тілейміз! Қазақ театрына болашағы берік, ғұмыры ұзақ  тағы бір спектакль келді деп айтуға толықтай негіз бар. 

Өзгелердің жаңалығы