Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Сағатбек Нұрдәулет ұлттық өнерімізді жанына серік еткен жас таланттарымыздың бірі.
Ол көптеген республикалық және халықаралық домбыра байқауының жеңімпазы. Бүгінде 100-ден астам күйді орындай алатын күйші баланың өзі шығарған 15 шақты күйі бар. Нұрдәулет 2007 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Қазір Қарағанды қаласында тұрады.
-Нұрдәулет, сенің бірнеше ірі байқауда жеңіске жетіп, талайды таңдай қақтырғаныңды білеміз. Домбыраға деген қызығугылығың қай жасыңда басталды?
-7 жасымда нағашы әжем домбыра әкеліп берді. Негізі нағашы аталарым домбырашы болған екен. Ол кезде тарту білмесем де ұстап, қызығып жүретін едім. Содан 11 жасымда Қарағанды қалалық №1 көзі кеміс балаларға арналған мектеп-интернатына оқуға бардым. Сол жақта музыкалық мектептің домбыра үйірмесі бар екен. Соған жазылып, ұстазым Нұрдәулет Әбілұлы домбыра тартуды үйрете бастады. Басында қиын болды, «Еркем-айдан» бастап 2-3 ай көлемінде еркін тартып үйреніп кеттім.
-Қазіргі уақытта қанша күй тарта аласың, өзің шығарған туындыларың жайлы айтып берсең?
-Ғалымдардың мәліметінше халқымызда 5000-7000 шамасында күй бар. Мен оның әзірге 100-ден астамын ғана білемін. Болашақта мүмкіндігім жеткенше күй үйрене берсем деймін. Өзім шығарған «Арман», «Желтоқсан», «Қаңтар желі», «Көңіл көктем» сынды 15 шақты күйім бар. Күйді шабытым келгенде, қандай да бір сәттен, оқиғадан ерекше әсер алғанда шығарамын.
-Жақында Алматыда республикалық «Домбыра-Дастан» балалар байқауында үздік деп танылып, Гран-при жеңіп алған едің. Сол байқау туралы айтып берсең?
-Бұл байқау 3 кезеңнен тұрды. Бірінші кезең онлайн форматта өтті, елдің түкпір-түкпірінен 548 бала қатысты. Ереже бойынша әр қатысушы өз қалауымен таңдалған екі күй тартуы керек. Мен Құрманғазының «Серпері» мен «Байжұмасын» орындадым. Екінші кезең жартылай финалға 213 бала өтіп, іріктеу 4 қалада өткізілді. Мен Нұр-Сұлтанда Құрманғазының «Кішкентайы» мен Сүгірдің «Қосбасарын» орындап финалға жолдама алдым. Шешуші кезеңге 35 бала өттік. 6-11 жас аралығындағы кіші топ және 12-15 жастағылар жасөспірім тобы болып сайысқа түстік. Мен жасөспірімдер арасында сынға түсіп Құрманғазының «Төремұраты» мен Қаршыға Ахмедияровтың «Қуаныш» күйін орындап, бас жүлде 8 миллион теңгеге ие болдым. Қарсыластарым да осал болмады, бірінен-бірі өтеді. Кіл мықты жиналған тартысты бәсеке болды.
-Қай күйшінің күйлерін жаныма жақын, рухыммен үндес деп айтар едің?
-Барлық күйшінің күйлерін жақсы көремін, үйреніп жүрмін. Әрбір күйдің шығу тарихын білуге тырысамын. Тарихын білмей ойналған күй шикілеу шығады. Ал, күйдің тарихын білсең автордың сол сәттегі бар эмоциясын сезініп тартасың, домбыраның әуені де бөлек шығады. Сол себепті де мен үшін барлық күй ыстық. Бірақ ең жаныма жақыны Құрманғазы мен Қаршыға Ахмедияровтың күйлері.
-Байқауларға қатысу туралы ұсыныстар түседі ме, әлде өзің ізденіп қатысасың ба?
-Бұрын бас кезінде байқауларды ата-анам, ұстазым таңдайтын. Қазір өзім ізденіп, әлеуметтік желілерде жарияланған байқаулар болса қатысуға тырысамын. Қазір елімізде мәдениет саласы дамыған. Ұлттық өнерімізге жақсы көңіл бөлініп жатыр. Өнер сүйетін балаларға арналған кәсіби байқаулар көп. Сайыстарда мықты қарсыластарды көріп, шабыт аламын, ары қарай да ұлттық өнерімізді үйренуге деген құлшынысым артады.
- Жақында жеке шығармашылық кешіңді өткізген екенсің, сол туралы айтып берсең?
-4 мамыр күні «Шалқыма» концерт залында жеке концертімді берген едім. Біраз қонақтар мен қатарластарым қатысты. Алғашқы есеп беру кешім болғандықтан қобалжу болды. Бірақ барлығы ойдағыдай жақсы өтті. Осы ретте маған сеніп, қолдау білдірген ата-анама, ұстазым Нұрдәулет Әбілұлына алғысымды білдіргім келеді.
-Болашаққа қандай арман-мақсатың бар?
-Биыл домбырадан мемлекеттік емтиханды тапсырып, үздік аяқтадым. Бұйыртса келесі жылы Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне тапсырып көргім келеді. Одан әрі Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерватортиясына түсіп Таңат Сәденовтен білім алып, өнер жолын жалғастырсам деймін. Елімізге танымал күйші-композитор болып, қазақ күйлерінің санын көбейтетін, шет елдерге танытатын азамат болғым келеді.
Н.Тілендиев атындағы сыйлықтың, республикалық «Өнерлі өрен», «Домбыра-дастан», Халықаралық «JULDYZAI» XVI шығармашылық байқауларының бас жүлде иегері Сағатбек Нұрдәулет бүгін Балаларды қорғау күніне орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен «Балапан» телеарнасы бірлесіп ұйымдастырып жатқан «Балалар Open Air» фестивалінде өнер көрсететін болады.