Болашаққа көзқарас: «24KZ» арнасында өткен еліміздегі басты саяси дебат аяқталды

Пікірсайыс төрт раундтан тұрды.

 19 Тамыз 2026, 22:52
19 Тамыз 2026, 22:52
179

«24KZ» телеарнасында Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында жеті саяси партия жетекшісінің қатысуымен өткен финалдық теледебат өз мәресіне жетті.

Теледебаттың негізгі тақырыбы «Экономиканың өсуінен азаматтардың әл-ауқатына» болды.

Пікірсайыс төрт раундтан тұрды. Бірінші раундта партия жетекшілері өздерінің негізгі қағидаттары мен саяси ұстанымдарын таныстырды.

Партия жетекшілері бір-біріне сұрақ қойды

Екінші раундта саяси партия жетекшілері бір-біріне сұрақ қойып, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров «Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаевадан ауыл мәселесінің партия басымдықтары қатарында неге жоқ екенін сұрады.

«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев ОСДП төрағасы Асхат Рахымжановқа қарапайым халық пен шағын және орта бизнеске түсетін жүктемені арттыратын шешімдерді қолдауына қатысты сұрақ қойды.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дадебайдан кәсіпкерлерге салық жүктемесін арттырмай, әлеуметтік бастамаларды қандай қаржы көздері есебінен жүзеге асыру жоспарланып отырғанын сұрады.

«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дадебай «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғановқа ауылдық жерлердегі аз қамтылған отбасылардың табысын арттыру жоспарлары туралы сауал жолдады.

«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов Қазақстан Халық партиясына өмір сапасының бірыңғай стандартын енгізу және өңірлер арасындағы айырмашылықтарды ескеру мәселесі бойынша сұрақ қойды.

ОСДП төрағасы Асхат Рахымжанов Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаровтан кәсіпкерлікті қорғау, салық реформасы және мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқарту бағытындағы нақты шаралар туралы сұрады.

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевқа әлеуметтік бастамалардың экономикалық негіздемесі мен олардың бюджетке ықпалы жөнінде сауал қойды.

Көрермендер де сұрақ қойды

Үшінші раундта партия жетекшілері көрермендердің сұрақтарына жауап берді. Сұрақтар экрандағы QR-кодты сканерлеу арқылы немесе бейнежолдау форматында қабылданды.

Регламент бойынша әр партияға екі сұрақтан, жалпы 14 сұрақ қойылды. Әр сұраққа жауап беруге екі минут уақыт берілді.

Партиялар сайлаушыларға үндеу жасады

Төртінші, қорытынды раундта партия жетекшілері сайлаушыларға өз үндеулерін жолдап, Құрылтай депутаттары болып сайланған жағдайда алдағы бес жылда басымдық беретін негізгі бағыттарын атап өтті.

Осылайша, Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңындағы жеті партия жетекшісінің қатысуымен өткен финалдық теледебат өз мәресіне жетті.

Наверх