- Мұқаба
- Жаңалықтар
- «Болашақ» шахтасы: Жұмысшылар мен техниканың қозғалысы цифрлық жүйемен бақыланады
«Болашақ» шахтасы: Жұмысшылар мен техниканың қозғалысы цифрлық жүйемен бақыланады
Ақтөбе облысындағы «Болашақ» шахтасында жұмысшылар мен техниканың орналасқан жерін нақты уақыт режимінде бақылайтын цифрлық жүйе енгізілген.
19 Қараша 2026, 16:25
Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысындағы «Болашақ» шахтасына барып, өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау шараларымен танысты. Кеніште жұмысшылар мен техниканың орналасқан жерін бақылауға, қауіпті факторларды анықтауға және өндірістік тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік беретін цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Олжас Бектенов Хромтау ауданындағы «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ-ның Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты «Болашақ» шахтасын аралады. Жұмыс сапары барысында өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуы, заманауи технологияларды енгізу және қызметкерлердің еңбек жағдайы қаралды.

«Болашақ» шахтасы – отандық тау-кен металлургия саласындағы ірі жобалардың бірі. Кәсіпорын 2024 жылғы желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен іске қосылған.
Шахта Миллионное және Алмаз-Жемчужина кен орындарын, сондай-ақ алты жерасты горизонтын қамтиды. Мұнда ұзындығы бір шақырымнан асатын Қазақстандағы ең терең шахта оқпаны орналасқан. Кеніш жылына 7 млн тоннадан астам кен өндіруге қауқарлы. Жобаны жүзеге асыруға шамамен 1 трлн теңге инвестиция салынып, 1,8 мың жұмыс орны ашылған.

Шахтада қандай цифрлық технологиялар қолданылады?
«Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Ержан Абдулабеков Премьер-министрге кен өндіру технологиялары мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын таныстырды.
Цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту бағытында өндірістің тиімділігін арттыруға арналған заманауи шешімдер енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, қол еңбегінің үлесін азайтып, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретін жоғары өнімді кен өндіру жүйелері мен өздігінен жүретін арнайы техника пайдаланылады.

Сонымен қатар персонал мен жабдықтың орналасқан жерін анықтайтын интеллектуалды жерасты позициялау жүйесі жұмыс істейді. Шахта кеңістігіндегі қауіпті газдарды алдын ала шығару жобасы да әзірленген.
Бұл бағыттағы технологиялық шешімдерді дамытуға Қазақстанның және шетелдердің салалық ғылыми ұйымдары тартылған. Өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін жетілдіру жұмыстары ғылыми зерттеулерді, цифрлық модельдеуді және заманауи инженерлік әзірлемелерді қамтиды.
Өндірістік қауіпсіздікке бақылау күшейтіледі
Шахтаны аралау барысында Олжас Бектенов өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау мәселелеріне ерекше назар аударды. Бұған дейін анықталған заңбұзушылықтар мен апаттар ескеріле отырып, Премьер-министр кәсіпорында қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ жабдықтардың техникалық жағдайын тұрақты тексеру, жазатайым оқиғалардың алдын алу және қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына төнетін тәуекелдерді азайту қажеттігі айтылды.
Мемлекет басшысы қоғамдық және экономикалық өмірдің барлық саласында “Заң мен Тәртіп” конституциялық қағидатын нығайту саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Өнеркәсіп саласында бұл, ең алдымен, – қауіпсіздік талаптарын мүлтіксіз сақтау және қызметкерлердің өмірі мен денсаулығы үшін кәсіпорын басшыларының жауапкершілігі. Оқиғалар орын алғаннан кейін әрекет етуден бұрын тәуекелдердің алдын алудың жүйелі тәсіліне көшіп, бақылаудың цифрлық құралдарын белсенді түрде енгізу қажет. Еңбек қауіпсіздігі әрбір кәсіпорынның өндірістік мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналуға тиіс, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жалпы, елімізде өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылау жүйесін цифрландыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің Ахуалдық орталығына бірнеше ірі кәсіпорынның шахталары мен кеніштерінен нақты уақыт режимінде деректер келіп түседі.

Олардың қатарында «Karaganda Komir» ЖШС, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Шалқия Цинк LTD» АҚ және «Қазхром» ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатының филиалы бар. Жалпы 20 шахта мен кеніштен позициялау және бейнемониторинг жүйелерінің ақпараты қабылданады.
Бұл жүйелер жұмысшылар мен техникалардың орналасқан жерін бақылауға, кеніш ауасының жай-күйін қадағалауға, қауіпті факторларды дер кезінде анықтап, тиісті ескерту сигналдарын беруге мүмкіндік береді.
Еске салсақ, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында «Ақтөбе мыс компаниясы» мен ERG тобының кәсіпорындарын аралады.
Сондай-ақ, Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында ұзындығы 262 шақырым болатын «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолын реконструкциялау жұмыстарымен танысты. Жобаны іске асыру өңірдің көлік байланысын жақсартып, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Ең оқылған:
- Қазақстан «жұмсақ күш» рейтингінде бес сатыға көтеріліп, Орталық Азияда бірінші орынға шықты
- Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Жоғарғы сотының төрағасы Игорь Красновты қабылдады
- Жөнделмеген жол үшін 45 млн теңге аударған: Прокуратура мен ҰҚК шенеуніктерді тексеріп жатыр
- Өзбекстанда сотталғандарға жоғары білім алуға мүмкіндік беріледі
- Қасым-Жомарт Тоқаев Латвия президентін ұлттық мерекемен құттықтады
Жанерке Жәкен