Ақтөбе өңірінің жол инфрақұрылымы жаңарады: 2029 жылға дейін қандай жобалар аяқталады?

Өңірде 1,8 мың шақырымнан астам автожол салу және жөндеу жоспарланған, ал 2029 жылға қарай нормативтік талаптарға сай жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

19 Қараша 2026, 14:55
АВТОР
 primeminister.kz 19 Қараша 2026, 14:55
19 Қараша 2026, 14:55
101
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында ұзындығы 262 шақырым болатын «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолын реконструкциялау жұмыстарымен танысты. Жобаны іске асыру өңірдің көлік байланысын жақсартып, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Фото: primeminister.kz

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің маңызды бөлігі саналатын автожолды жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысының көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатыр.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің мәліметінше, жобаның жалпы құны – 496,3 млрд теңге. Қазіргі уақытта жолдың 28 шақырымында құрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілген.

Автожолды реконструкциялау нәтижесінде оның өткізу қабілеті артып, қозғалыс қауіпсіздігі жақсарады. Сонымен қатар жүк және жолаушы тасымалына кететін уақытты қысқартып, өңірдің транзиттік мүмкіндігін кеңейту көзделген.

Ақтөбеде 956 шақырым жол жөнделген

Жұмыс сапары барысында облыстағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту мәселесі де қаралды.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаевтың айтуынша, 2024-2026 жылдары жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына 109 млрд теңге бөлінген. Осы кезеңде жергілікті маңызы бар 956 шақырым жол жөндеуден өтті.

Фото: primeminister.kz

Жол сапасына қатысты бақылау да күшейтілген. 2026 жылдың алғашқы 10 айында 1,2 мыңнан астам жол-құрылыс материалының сынамасы тексерілген. Оның 11 пайызы белгіленген талаптарға сәйкес келмеген.

Сондай-ақ ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылау нәтижесінде шамамен 4,3 мың заңбұзушылық анықталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға көп.

Өңірде 1,8 мың шақырымнан астам жол жаңартылады

Жалпы, Ақтөбе облысында ұзындығы 1,8 мың шақырымнан асатын автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу жобалары жүзеге асырылып жатыр.

Оның ішінде 865 шақырым жолды реконструкциялау, шамамен 293,5 шақырымында күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Фото: primeminister.kz

Ірі жобалардың қатарында:

  • 262 шақырымдық «Ақтөбе – Ұлғайсын»;

  • 41 шақырымдық «Орталық – Батыс» (Астана – Ырғыз);

  • 245 шақырымдық «Бейнеу – Сексеуіл»;

  • 215 шақырымдық «Ұлғайсын – Сексеуіл» автожолдары бар.

Аталған жобаларды 2029 жылға дейін аяқтау көзделген. Бұдан бөлек, «Ақтөбе – Орынбор», «Ақтөбе – Орск», «Самара – Шымкент» және «Қарабұтақ – Қостанай» бағыттарындағы жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Қазіргі уақытта облыстағы нормативтік талаптарға сай жолдардың үлесі 78 пайыздан 84 пайызға дейін өскен. 2029 жылға дейін тағы 1,5 мың шақырым жолды жөндеп, бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Сапар қорытындысында Олжас Бектенов жол құрылысының белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар құрылыс жұмыстары мен пайдаланылатын материалдардың сапасына, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.

Премьер-министр жол қозғалысы қауіпсіздігіне және жол бойындағы инфрақұрылымды уақтылы ретке келтіруге де баса назар аударды. Жобаны белгіленген кестеге сай аяқтау үшін мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдардың жұмысын үйлестіру міндеттелді.

Еске салсақ, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында «Ақтөбе мыс компаниясы» мен ERG тобының кәсіпорындарын аралады.

Наверх